Атырауда пәтер аламын деп миллиондап ақша салған үлескерлер әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Алдандық деген 200-ден аса азамат тіпті бір емес, төрт бірдей тұрғын үй кешенімен келісімшарт жасасыпты. Жоспарға сай 2022 жылы аяқталады делінген нысандар әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Енді, жылдар бойы тапқан-таянғанын үйге салған үлескерлер жеме-жемге келгенде далада қалдық деп шулап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сан соғып қалған тұрғындардың бірі – Индира Темірова. Ол осыдан екі жыл бұрын бар жиған терген қаржысын екі бөлмелі пәтеріне салған. Қолжетімді бағадағы қолайлы үйдің сатылымын аты жер жарған жарнамадан көріп, бірден 14 млн теңге құйыпты. Бірақ баспана берілмеген. Ойда-жоқта алаяқтардың арбауына түскен келіншек осылайша ақшасыз, үйсіз далада қалдым деп мұңын шақты.
«Әу баста ешқандай күдігім болған жоқ, жылдар бойы үй аламын деп жинаған барлық ақшамды салдым. Осындай жағдайға тап болатынымды қайдан білейін? Құжатты рәсімдеп алдын ала реттеп те қойғанмын. Қазір амалсыз жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүрмін. Енді маған үй де керек емес, тергеу әділ өтіп, ақшамыз қайтсын», – деді қала тұрғыны Индира Темірова.
Индира сияқты сан соғып қалған тағы 4 тұрғын үй кешенінің жұрты құйған ақшаларын ала алмай жүр. Арызын арқалап, полиция департаментінің алдына жиналғандар тергеудің әділ өтуін талап етеді. Әрі салған ақшамызды соңғы тиынына дейін қайтарып берсін деп азаматтар шу шығарды.
«Үйде жоқ, ақша да жоқ. Үйдің құрлысы сол қалпы тұр. 2022 жылдың желтоқсанында бітеді деп бізге уәде берген еді», – деді қала тұрғыны Әділет Қостаев.
Полиция департаментіндегілер бұл іске қатысты тергеуді бастаған. Қазір жұртты алдаған ірі фигуранттар ұсталды. Сондай-ақ аталған іске қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабына сәйкес тергеу басталған. Яғни, тергеу бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқыру дерегі бойынша жүргізіледі.
«2022 жылдың желтоқсанынан бастап 4 тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу амалдары қазіргі таңда аяқталып жатыр. Қылмыстық іс бойынша 200-ден астам жәбірленуші мен күдіктілер қылмыстық іспен толық танысқан», – деді Облыстық ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Мұратбай Қадиров.
Қазір құзырлы орган бұл іске білек сыбана кіріскен. Сәйкесінше, аталған кооперативтің қатысы бар делінген барлық жарнама қала көшелері мен әлеуметтік желіден алынып тасталды. Ал, ақшасын қайтаруды талап еткен қарашаға әзірге күтуден басқа амал жоқ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Теміржолшы жұртты өнерімен тәнті етті (видео)