Жастарды әскерге көшеден ұстап алып кету – ұят нәрсе. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Қазақстанның Қарулы Күштері бұл мәселе бойынша қанша ақталса да, қоғамда мұндай жағдайды қалыптастыруға болмайтынын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның пікірінше, әскердегі көптеген келеңсіз жағдайлар мен мәселелерді түбегейлі шешіп, үлкен өзгерістер жасау қажет. Керісінше жастардың әскерге, Отанға деген құрметін, махабатын ояту керек деп санайды.
«Әскери бөлімдердің шақыру қағазы болсын, алдын ала беру болсын, оларды көшеден ұстап, емтихан тапсырғандарды сүйрелеуі – ұят нәрсе. Әскерге сол азаматтардың қызығушылығын танытуымыз керек, құштарлығын оятуымыз керек, Отанға деген сүйіспеншілікті сылдыр сөзбен емес, мөлдір сезіммен, жүрек көзімен көретіндей жастарға насихаттай беруіміз керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.