|
12.04.2019 | 17:20
6626

Алматыда биылғы велошеруге самокат, скейтборд және роликпен де қатысуға болады

Спорттық шараға мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде

Алматыда биылғы велошеруге самокат, скейтборд және роликпен де қатысуға болады

Алматыда 14 сәуір күні бұқаралық велошеру өтпек. Спорттық шара биыл ерекше форматта ұйымдастырылады. Қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Оған жасы да, кәрісі де қатыса алады. Сондай-ақ, шеруге кез келген қос дөңгелекті қозғалыс құралдарының барлығы жібереледі деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі велошеру биыл өзгеше өтеді. Спорттық шараға тұрғындар тек велосипед қана емес, самокат, скейтборд, сигвеи, роликпен келуіне болады. Тіпті, жасқа да шектеу жоқ. Шараға тұрғындардың отбасымен қатысуына мүмкіндігі бар. Алғашқы рет велошеруге өз «көліктерімен» бүлдіршіндер жіберіліп отыр. Ұйымдастырушылар көңіл жадырататын ерекше костюм кигендерге бөлек сыйлықтар дайындап қойған. Барлық қатысушыларға өз қауіпсіздігі үшін арнайы бас киім киюге кеңес беріледі. Сонымен қатар, биыл велопарад бағыты да өзгерген.

«Алматылықтар бұл велошеруге жақсы үйрепніп алды, тұрғындар арнайы хабарласып,болатынын күнін сұрап жатады. Енді біз қаладағы ірі велоқауымдастықтардың басын біріктіріп, бірге кеңес өткізіп, ыңғайлы бағыт құрдық», - дейді Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан КЕНЖЕБОЛАТОВ.

Жалпы, велопарад Абай даңғылындағы Мемлекеттік цирк жанынан басталып, солтүстік бағытта Гоголь көшесі мен Орталық демалыс саябағында мәреге жетеді. Бағыттың қашықтығы 7 шақырымдай. Ал балалар үшін велошеру Зенков көшесінен басталады.

«Жыл сайын мұндай велошеруге бізден мыңға жуық адам қатысады. Ал, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз шеру болған уақытта жолдарды жауып тастаймыз. Бірақ ұзақ уақытқа жабылмайды, велоколонна өткеннен кейін дереу ашамыз, көлік тығынын да болдырмау керек. Әр көше шамамен 15 минутқа ғана жабылады», - дейді Е.Кенжеболатов.

Атап өтерлігі, қосдөңгелекті көлігі жоқ азаматтар «Almaty Bike» велосипедін пайдалана алады. Бүгінде қалада 190-ға жуық станция жұмыс істейді.

Сандарды сөйлетер болсақ, осы жобаға қатысушылар қатары былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артқан.

«Әсіресе, Сәтпаев, Абай және Шевченко көшелерінде Almaty Bike велосипедтерін қолданушылар қатары көп. Қазір сұраныс жоғары. Момышұлы көшесінен төмен қарай тұрғындар станция салуымызды сұрап жатыр. Егер инфрқұрылым жасап берсе, біз ол жерде де қызмет көрсетуге дайынбыз», - дейді Алматы қаласы «Velocity.kz» қоғамдық қоры филиалының директоры Төлеген ЖАНАБЕКОВ.

Жазғы уақытта қала көшелерінде қаздай тізіліп 1200-дей велосипед халыққа қызмет көрсетеді. Ал, қыста олардың саны едәуір қысқарып, мұз бен қарда таймайтын арнайы шегелі дөңгелегі бар жеті жүздей көлік қойылады. Қосдөңгелекті әлеуметтік көлік ретінде қолжетімді бағамен қолдану Алматыда үш жыл бұрын жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында Франциядан 1700 велосипед әкелініпті.

«Бір-бірінің ара қашықтығы небәрі 800 метрден аспайын қаладағы 180 стансадағы велосипедтерді жарты сағат сайын ауыстырып тұрсаңыз, ақы төлемей тегін қолдануға да мүмкіндік қарастырылған. Бір жылға он мың теңге абономенттік ақы төлеу арқылы тұрақты қолданушы тұрғындардың саны он мың адамнан асқан. Зейнеткерлер мен студенттер  жеңілдікпен жүре алады», - дейді Т.Жанабеков.

Былтырғы көрсеткіштерге сай, алматылықтар арасында велосипед, электросамокаттар сатылымы 70 пайызға дейін артқан. Әкімдік бұл құбылысты қаладағы веложолдардың, велосипед дәлізінің жақсаруымен байланыстырып отыр. Бүгінде қаладағы веложолақтың жалпы ұзындығы 81 шақырымға жеткен. Осылайша, оның қашықтығы екі жыл бұрынғыдан екі жарым есе артты.

«Егер бұған дейін веложолақтар өзара қосылмаған болса, бүгінгі күні біз бірыңғай бір велодәлізді іске қостық. Ол қаланың көрнекті жерлері мен негізгі магистральды көшелерді қамтиды», - дейді Алматы қалалық Мобильділік басқармасы альтернативті көлікті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылайхан ОМАРХАН.

Қалада веложолдар арнайы бағандар арқылы бөлініп жатыр. Оның ерекшелігі – түнде де көрініп тұратынында.

«Веложолдарды көлік жолынан бөлетін бағандар өткен жылы да қойылып еді. Кейін қыста қар тазалау үшін қолайсыздық туғызбасын деп алынып тасталды. Велосипедшілер бағананы қайта қоюды сұрады. Осы арқылы қауіпсіздік күшейтіледі. Көлік жүргізушілері мен қос дөңгелекті серік еткендерге арналған жол бөлініп, көрініп тұрады», - дейді Velofriends қоғамдық қорының директоры Елена ЕРЗАКОВИЧ.

Қалада алдағы уақытта велосипед қана емес, электросамокаттар да жалға берілмек. Жобаны отандық инвестор қолға алады. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Қала әкімдігі оларға қажетті инфрақұрылымды жасап бермек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир