Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылғалы тура бір ай уақыт өтті. Жергілікті билік Қайнар ауылында қираған үйлерді уақытынан бұрын қалпына келтіреміз деп мәлімдеме жасады. Ал қаза болған әр азаматтың отбасына мемлекет 20 миллион теңге көлемінде көмек көрсетпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгінде әскери қойманың түбінде тұрған Қайнарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Елеулі дәрежеде зардап шеккен 19 үйдің алтауының шатыры жабылуда. Ендігі ішкі әрлеу жұмыстарына кірісіп кеткен.
«Күн суымай кіріп алсақ деген арманымыз бар енді. Шатырда шашылып жатқаннан гөрі, үйде тұрған жақсы ғой. Осы қазан айында кіретін шығармыз деп отырмын. Жұмыс қарқыны жақсы, күндіз-түні істеп жатыр», – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Гүлжан Айманова.
Жарылыстан қираған тұрғын үйлердің құрылысымен компания айналысып жатыр. Әскери базаның жанындағы үйлердің құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Дегенмен, ауылдың өзге бөлігіндегі тұрғындар құрылыстың тұралап тұрғанын айтады. Оны құрылыс материалдарының уақытылы келмеуімен байланыстырып отыр.
«Арғы көшеге бәрін істеп жатыр. Тпіті жақнда асфальт түседі деп жатыр. Біз жаққа тіпті, қиыршық тас та төселмеді, еуроқоршау жоқ. Біз жаққа салғырт қарап жатыр», – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова.
Дегенмен, құрылыс компаниясының басшысы бұл пікірлермен келіспейді.
«Қазіргі уақытта тек профнастил ғана кешігіп жатыр. Оның ақшасы төленген, қазір жолда келе жатыр. Таңертең жігіттер жұмысқа кіріседі. Шамамен 15 күнде бітіреміз деген болжам бар», – деді құрылыс компаниясының өкілі Рахат Аушауов.
Айта кетер ақпарат, жарылыстан қаза тапқан қызметкерлер отбасына 15 емес, 20 млн теңгеден берілмек.
«Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Осы қаражаттан 5 млн тг, жалпы 20 млн тг беріледі. Одан өзге құқық қорғау туралы заңнамаға сәйкес, отбасына 60 АЕК, яғни 5 жылдық жалақысы төленеді», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Сонымен қатар, жарылыстан жараланған азаматтық қорғау мекемелерінің мамандарына да қаржылай көмек көрсетіледі. Барлық аман қалған қызметкерлер мемлекеттік наградаға ұсынылмақ.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Тараз