Елімізде шегірткеге қарсы күреске 2,5 млрд теңге бөлінді. Ол туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, республика аумағында ерекше қауіпті организмнің 12, зиянды организмнің 5, карантиндік обьектілердің 14 түрі таралған. Биыл үйірлі шегіртке 997 мың гектар аймаққа жайылыпты.
«Оның ішінде италиялық прус – 760 мың, азиялық шегіртке – 201 мың және марокко шегірткесі – 35 мың гектарға таралған. Сонымен қатар саяқ шегіртке зиянкестері 271 мың гектар алаңда байқалған. Жалпы шегірткелерге қарсы республика бюджетінен 1,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 659 млн теңге бөлінді», – деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс.