|
17.01.2019 | 17:41
5641

Алматы барахолкасынан тәркіленген қап-қап шұлық өртелді

Алматы барахолкасынан тәркіленген қап-қап шұлық өртелді

Алматының барахолкасынан тәркіленген жасанды шұлықтардың көзі жойылды. Сот орындаушылары тиісті таңбасы мен құжаты жоқ өнімді бүгін арнайы полигонға апарып өртеді. 400-ден астам қаптама шұлық былтыр қаладағы «Өжет» базарынан тәркіленіпті. 

Саудагер белгілі марканың атымен жасалған өнімді Қордайдағы базардан арзанға сатып алған. Сөйтіп, Алматының барахолкасында екі есе қымбат бағаға саудалаған көрінеді. Алайда, мұндай тауар брендінің Қазақстандағы өкілі тиісті органға шағымданып, нәтижесінде, құны 1 миллионнан астам теңгені құрайтын тауарды жою туралы сот қаулысы шыққан. Ал жасанды өніммен жұрттың қалтасын қағуды ойлаған саудагерге айыппұл салынған.

«Аталған жеке кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес, яғни заңсыз тауар таңбасын пайдалану фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс Алматы қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Әкімшілік сотта аталған іс қаралып, жеке кәсіпкерге қатысты айыппұл салынды. Яғни, 30 АЕК мөлшерінде 72 мың 150 теңге ретінде айыппұл салынды», – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы Еркебұлан ЖЕТПІСБАЕВ.

Мұндай тәркіленген контрафактілік тауар қаланың сыртында, түтін шығармайтын арнайы пешке салып өртеледі. Сөйтіп қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Ал сот орындаушылары тұрғындарға жасанды тауардан сақ болып, алаяқтарға алданбауға шақырып отыр.

«Тауардың таңбалау қағазынан оның жасанды немесе түпнұсқа екенін ажыратуға болады. Этикеткада тауар туралы төрт тілде жазылған ақпарат, штрихкод, өндіруші ел мен мекеме көрсетілуі керек. Сондай-ақ, өнімнің толық құрамы жазылуы тиіс-тін. Бұл тауарда «Лимакс» деген жазудан басқа мүлдем ақпарат жоқ. Демек, контрафактілік өнім», – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы Ардақ АЙДАРХАН.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир