|
19.07.2020 | 11:22
6968

Жазушы Мырзагелді Кемел қайтыс болды

Марқұмның қайтыс болғанын Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады

Жазушы Мырзагелді Кемел қайтыс болды enu.kz

Жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел өмірден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мырзагелді Кемелдің қайтыс болғанын Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Мырзагелді Кемел 1949 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында туған. 1971 жылы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығын, 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Жамбыл университетінің құқықтану факультетінің заңгер мамандығын тамамдаған.

Еңбек жолын 1971 жылы Мақтарал ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» совхозында аға инженер болып бастаған. 1975–1992 жж. Мақтарал ауданында партия, кеңес қызметінде болды. 1992–1994 жж. кеңшар директоры, 1994–1995 жж. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы шетел инвестициясы жөніндегі комитетінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1995–2004 жж. бірінші, екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты.

Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэльолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Дүние» және «Экология и устойчивое развитие» журналдарын шығарды. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған.

2004 жылы экономика ғылымының докторы ғылыми атағын алған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир