Алматының аз қамтылған отбасылар мен қарттарды қолдаудағы тәжірибесін өзге өңірлер де игеруі керек. Елордадан жұмыс сапарымен келген еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Сондай-ақ, жауапты ведомства басшысының сөзін премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова да қолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыға ат басын бұрған жұмыс тобы бүгін өзге өңірлердің басын тікелей эфир арқылы біріктірді. Жиналыста билік басындағылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген тапсырманың орындалу барысын талқылады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетті. Айта кетейік, келесі аптада шаһарда «Бақытты отбасы» орталығы ашылады.
«Бұл бастамаларды, жобаларды басқа қалаларға да тарату керек. Алматыдағы ең көңілге қонымды жоба – «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасы. Ол біздің ардагер қарияларымызға арналған. Мұны өзге өңірлер де іліп әкетуі тиіс», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.
«Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін арнайы «Бақытты отбасы» орталығы ашылмақ. Орталықта жұмыс істеуге көпбалалы аналардың өздері тартылады. Қазіргі кезде орталыққа қажет ғимарат белгіленіп, оған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жабдықтар сатып алу мен қызметкерлерін ұстау үшін мемлекеттік тапсырыс аясында 80 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Орталықты бір аптадан кейін іске қосамыз. Онда жыл соңына дейін 5 мың отбасыға қызмет көрсетілмек», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Мұнан кейін жұмыс тобы Алматы қаласының көпбалалы аналарымен кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді. Бір сағатқа созылған кездесуде көпбалалы аналар билікке жасалып жатқан жағдай үшін шын ниеттен алғыс білдірді. Себебі, халықтың мұң-мұқтажы дер кезінде ескеріліп, қажеттіліктеріне қарай көмек көрсетілген.
Одан соң Астанадан келген жұмыс тобы аудан әкімдері, ірі кәсіпорын мен бизнес құрылым басшылары және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Онда олар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Кейін Үкімет мүшелері қаладағы ЖОО-ның бірінің бірінің жатақханасына бас сұқты. Еліміздің премьер-министрі Гүлшара Әбдіхалықова студенттерге қолайлы жағдай жасауға аса мән беруді тапсырды.
«Қазіргі басты мәселелердің бірі – медицина мен білім саласында сапаны арттыру. Ол бойынша Алматы қаласында жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрдік. Бірнеше медициналық, білім обьектілерінде болдық. Жұмыстар жүзеге асып жатыр», – деді ҚР Премьр-министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА.