|
30.04.2019 | 17:51
6890

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы еріктілерімен және көпбалалы аналармен кездесті

Мемлекет басшысы көпбалалы аналарды қолдайтын «Бақытты отбасы» орталығында болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы еріктілерімен және көпбалалы аналармен кездесті

Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы алдымен былтыр жаңа кейіпке енген Жамбыл Жабаев атындағы кітапханада еріктілермен кездесті. Президент жастарға дұрыс қадам жасап, жұдырықтай жұмылып жүргендерін құп көретінін айтты.

«БҰҰ Бас хатшысының орынбасары боп жүрген кезімде мен еріктілер қозғалысына аса үлкен мән беретінмін. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен еріктілерді жинап, ауқымды форумдар өткіздік. Әріптестеріме бұл қозғалысты үнемі қолдау керектігін айтып жүретінмін. Ал, Қазақстан Парламентіне келгеннен кейін еріктілер туралы заң қабылдадық. Мемлекет, үкімет сіздерге қажетті қолдаудың бәрін көрсетіп жатыр», - деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Өз кезегінде, Алматы жастары еріктілер көрсететін қызмет бір күнмен шектелмейтінін айтты. Олар ауқымды шараларда қызмет етуден бөлек, күнделікті де жұмыс атқармақ. Еріктілер қалада әр түрлі бағытты қамтитын «Ашық жүрек» жобасын ұсынған. Оның аясында, жастар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп, жанынан табылады. Қол ұшын созып қана қоймай, тегін үйірмелер де ұйымдастырылады.

Одан ары Мемлекет басшысы көпбалалы аналарды қолдайтын «Бақытты отбасы» орталығына бас сұқты. Ол әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға көмек көрсететін еліміз бойынша жалғыз нысан. Онда кез келген ана психологиялық және заң тұрғысынан көмек ала алады. Оған қоса, компьютерлік сауаттылығын арттып, түрлі курстарға қатысады. Сондай-ақ, президент Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шараларға да қатысады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир