Үлескерлер үйсіз қалды: Ақтау қаласының іргесіндегі тұрғын үй сүрілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Баспанасыз қалған салымшылар ел Президентіне үндеу жолдауға бекініп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтау қаласының іргесіндегі Приморский тұрғын үй массивінде заңсыз салынған 5 қабатты тұрғын үй сүрілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үміт те, ақша да бір сәтте ғайып болды. 60 пәтерлік еңселі үйдің құнын төлеген көпшілік компания үйді сүріп тастайды деп ойламаған. Көз алдарында қиратып жатқан үйін көргенде тұрғындар да біраз шу шығарған. Олармен кездесуге әкімдіктегілер пен прокурорлар, құрылысшылар түгел келді. Олар салымшыларға мәселені түсіндіріп, заң шеңберінен асып кете алмайтынын айтты. Ал баспана аламыз деп қаржы құйғандар соттың шешіміне наразы.

– Мен 8 млн теңге салдым. Халықтың жағдайына қарау керек. Ақшаны ешкім қайтарып бермейді. Халыққа қиянат жасалды, – деді үлескер Ергешбай Әлмұратов.

– Ұлыма осы жерден екі бөлмелі баспана сатып алдық. Жақында отбасын құрып, көшіп келуі керек. Біздің қаржымызды кім қайтарады? Үйдің сүрілетінін неге алдын ала жарияламады. Жемқорлыққа белшесінен батқандардың іс-әрекеті деп түсінемін. Зардабын халық тартып отыр, – деді үлескер Олег Гуменников.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқалидің айтуынша, басқарма 2022 жылғы 1 желтоқсанда жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеріс қорытындысы бойынша, аталған тұрғын үйдің ешқандай рұқсатнама құжаты рәсімделмегені анықталған. Сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаушылардың сүйемелдеуінсіз құрылыс жүргізгені белгілі болған. Сәйкесінше, меншік иесіне құжаттарды заңдастыруға 1 жыл уақыт берілген.

– Кәсіпкер рұқсатнама құжаттарын алған жоқ. Біз берген нұсқаманы елеген жоқ. Құрылыс жұмыстары сапасы нашар болғандықтан кепілдік бере алмаймыз. Сот органдарына объектіні бұзуға талап арыз жолдадық. Сот шешімі қанағаттандырылды, заңды күшіне енді, – деді  облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Баспанасыз қалған салымшылар ел Президентіне үндеу жолдауға бекініп отыр. Олар өз қаражатын заңсыз құрылыс салушыдан құқықтық тәртіппен өндіріп алуға ниетті.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде қанша жоба іске қосылды

Новости партнеров