Баламның зәресін алды: Ақтөбеде бұралқы иттер көбейіп кетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірде 2751 ит ауланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде қаптаған бұралқы ит адамға шапты. Бұралқылар қораға кіріп, малды қырып, баланы қуып, елдің зәресін алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала іргесіндегі Бауырластар ауылының халқы қаңғыған иттердің аулаларды тіміскілеп, адам түгілі, малға да тыныштық бермейтінін айтты. Қаңғырған қалың саққұлақ күні кеше ауыл тұрғыны Дәулет Әлиевтің де қорада тұрған сауын ешкісін талап тастаған. Азаматтың айтуынша, бұл жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталаныпты.

– Қаңғыбас иттер қуып осы жерден алып кеткен. Сол күні жұмыста болдым. Талап тастаған. Артқы аяғынан тістеген. Малымды ауладан келіп ит талап кетті. Бала түгілі, үлкен адам шыға алмайды. Баланы сабаққа бір адам апарып, әкеледі, – деді Бауырластар ауылының тұрғыны Дәулет Әлиев.

Көпшілік «қолымызға таяқ ұстап, сақтық қылмасақ, көшеде еркін жүруден қалдық» дейді. Олай деуге негіз көп. Өйткені ауыл ішінде өріп жүретін бұралқы иттер баланы қойып, ересектердің де есін алатын болған.

– Менің де құстарымды талап кеткен.  Біз балалар үшін қорқамыз. Қызым сабаққа қатынап оқиды. Әкесі бос болса, апарады. Мен мүгедек баламен үйде отырмын. Терезеден қарап, иманымызды үйіріп отырамыз. Оның қасында кішкентай балалар бар. Қаншама бала таланды, шешілмейтін мәселеге айналды, – деді Бауырластар ауылының тұрғыны Гүлназ Кенжебаева.

Ал облыстық ветеринария басқармасының өкілі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңына сәйкес, иттерді өлтіруге тыйым салынған дегенді алға тартты. Көшеде қаңғып жүрген итті аулайтындар вакцина салып, күтіп-баптаған соң, қайта босатып жіберетін көрінеді. Өңірде 2751 ит ауланған десек, оның 2650-і қайта босатылған.

– Ит аулайтын 6 бригада жұмыс істеп отыр. Бауырластар елдімекеніне бөлінген бригада бар. Ақтөбе қаласы бойынша қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 224 миллион теңге бөлінді. Ақтөбе қаласы бойынша 60 миллион теңгесі игерілді, – деді облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.

Бұл — бір ғана Бауырластар ауылының мәселесі емес. Қаланың қақ ортасында шабуылдаудан танбайтын қаңғыған иттер осыдан бір жыл бұрын өңірдегі оқушыны талап өлтірген. Бұралқылардың студентті жарымжан ғып, балаларға бірнеше мәрте шабуыл жасағанын да ел ұмыта қойған жоқ. Көпшілік қайғының қайталануынан қорқады.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Қазақстанда медиация қалай дамып келеді

Новости партнеров