|
14.07.2023 | 17:53
2690

Сәні кеткен саябақ: атыраулықтар демалатын жер таппай дал

Құны 4 млрд теңгеге салынған демалыс орнында ойын алаңы қирап жатыр

Сәні кеткен саябақ: атыраулықтар демалатын жер таппай дал Almaty.tv

Саябақтан сән кетті. Атыраулықтар демалып, серуен құратын жер таппай жүр. Өйткені шаһардағы жалғыз «Жастар» саябағы кешенінің астан-кестеңі шығып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – шаһардағы ең ірі «Жастар» саябағы. Құны 4 млрд теңгеге салынған демалыс орны қазір аянышты күйде. Осылай деген көпшілік жауаптылардан серуен құратын жерді қалпына келтіруді талап етіп отыр.  Саябақтың бағаналары бүлініп, жарық шамдары істен шыққан. Балаларға арналған ойын алаңы қирап, құлап жатыр. Көгалдандыру жұмыстары да көңіл көншітпейді.

– Балалар да, студенттер де осында демалады. Саябаққа жөндеу жұмысын жасау керек, – деді қала тұрғыны Биғайша Сәбикенова.

– Саябақта балалармен қыдыра да алмайсың. Жұмсалған ақшаға Түркиядағыдай саябақ салуға болады ғой. Ешқандай гүлдер де егілмеген, қалаға келген қонақтармен қыдыруға ұяласың, – деді қала тұрғыны Динара Орынтаева.

Ал жергілікті атқамінерлердің айтуынша, мемлекеттік сатып алу аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарына ашық конкурс жарияланған. Осы айда мердігер мекеме анықталса, саябақ қалыпқа келтіріле бастайды.

– 2019 жылы «НКОК» компаниясы қаржыландырып, облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылады. Кейін қабылдау алдық біздер, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сол уақытта еш ақау болмады. Сосын уақыт өте келе, ақау пайда болды. Десе де, біздер бірден қалпына келтіруді бастадық. Қазір конкурс жарияланды. Енді мердігер анықталса, бәрі қалыпқа келеді, нақты тамызда тапсырамыз. Ал қауіпті аймақтар қазір қоршалған,  – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бөлім меңгерушісі Нұрбол Жанпейісов.

Атыраулықтар бұл жазды саябақ сыртында өткізетін сыңайлы. Себебі жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Жалпы шаһарда 20-ға жуық демалыс орны бар. Олардың бесеуі жөндеуді қажет етеді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир