Елорда тұрғындары «Астанаэнергосбыт» компаниясының қызметіне наразы

Елорда тұрғындары «Астанаэнергосбыт» компаниясының қызметіне наразы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордалықтар «Астанаэнергосбыт» компаниясының қызметіне наразы. Айтуларынша, коммуналдық қызметтің ақысын төлеу үшін олар апталап кезек күтуге мәжбүр. Ал уақыт өткен сайын төлемге үстемақы да қосыла беретін көрінеді. Бұл мәселенің қалың бұқараның титығына тигені соншалық, олар арнамызға хабарласып, өкпе-назымен бөлісті.

«Келесі жолы біз плакатпен, қолымызға қазан-қасық, ыдыс-аяғымызды алып келіп, осы жерді басымызға көтеретін боламыз. Осыдан көресіңдер! Осы жерде ереуіл жасайтын боламыз!», – деп ашынған тұрғындар наразылықтарын білдірді.

«Астанаэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дау-дамай. Ұзын-сонар кезекте тұрған қалалықтардың өкпесі әбден қара қазандай болған. Коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге келгендер көп уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Айтуларынша, кассаның қызметі тым баяу. Кеңсенің іші қапырық. Ал аязда далада күту тіптен мүмкін емес дейді тұрғындар.

«Осындай ұрыс болады да жатады. Бірден жүйкеміз ауырып, қан қысымымыз көтеріледі, осылай. Әрқашан 1 касса істейді. 2-3-кассаны ашуға болады ғой. Осылай жұрт бір-бірімен қырылысып жатады. Бухгалтер де жүреді, 4-5 қыздар да жүреді, бірақ ашпайды. Сағат 1-ден 2-ге дейін түскі үзіліс. Кешкі 6-да жабылады, ал кезек күтіп отырған адам саны 100-ге жуық. Бұл сұмдық қой. 100 адам!», «Есеп фактурасын 14-і күні алып отырамыз. Төлемді 15-і күні жасау керек. Екі күннің ішінде төлей қою мүмкін емес! Ал 16-ынан бастап өсімақы есептеле бастайды. Біз дәл бүгін үлгеріп төлей алмадық, енді 16-сы мен 17-сі үлгерсем, төлеймін. Әлбетте, ақшамыз болса төлейміз, бірақ әр адамнан 100 теңгеден алса, өте үлкен сома шығады ғой! Сонда «Астаэнергосбыт» бізді қанап жатыр ғой!», «Астанаэнергосбыт» бізге құлға қарағандай қарап отыр десем, артық айтпаспын! Біз осы мекемеге ай сайын қарыз болып қалып жатамыз. Амалсыздан, осы 5 күн ішінде кезекте тұрып, электр жарығының ақшасын төлеп қалуға ұмтыламыз», – деп ашулы тұрғындар мұң-шағымдарын ақтарды.

Компания өкілі мәселе туындағанын мойындап отыр. Айтуынша, түйткіл келесі аптадан бастап шешіледі-міс.

«Дәл қазір біз электронды терминалдарды енгізіп жатырмыз. Терминалдар келесі аптадан бастап жұмыс істейтін болады. Адамдар өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта келіп, коммуналдық қызметтің ақысын ұзын-соңар кезекте тұрмай-ақ төлейтін болады», – деді «Астанаэнергосбыт» ЖШС баспасөз хатшысы Эльмира ҚҰСАЙЫНОВА.

«Астанаэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің айтуынша, қалада компанияның тікелей қызмет көрсететін 6 пункті бар. Электронды терминалдар олардың әрқайсысына қойылмақ. Ал бұл өз кезегінде мәселенің шешілуіне септігін тигізетін болады дейді мамандар.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров