Алматылық дәрігер энергетикалық сусындардың денсаулыққа қаншалықты зиян екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Энергетикалық сусындар - адамға күні бойы қуатты әрі сергек болуға көмектесетін танымал тәсіл. Олардың құрамында белсенділік деңгейі мен зейінді арттыру және жақсартуға көмектесетін кофеин, таурин, гуарана және басқа да түрлі ынталандырушы ингредиенттер бар.
Дегенмен, танымал болғанына қарамастан, энергетикалық сусындар денсаулыққа айтарлықтай теріс әсер етуі әбден мүмкін. №36 қалалық емхананың дәрігері Ядикар Тохтамов олардың зиянды болуының бірнеше себебін атап өтті.
Ең алдымен, энергетикалық сусындарда кофеин көп, бұл өз кезегінде жүйке ауруына, ұйқысыздыққа, жүрек проблемаларына және қан қысымының жоғарылауына, сондай-ақ тәуелділікке әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ энергетикалық сусындарда кофеин мен басқа да стимуляторлардың ащы дәмін жасыру үшін көп мөлшерде қант болады.
Қантты көп тұтыну семіздік, қант диабеті және тіс жегісі сияқты ауруларға әкеледі.
- Энергия деңгейінің жоғарылауынан басқа, энергетикалық сусындар бас ауруы, алаңдаушылық, ашуланшақтық, тіпті үрей шабуылдары сияқты жағымсыз жанама әсер беруі мүмкін. Сондай-ақ асқазанның бұзылуы, шамадан тыс терлеу және қолдың дірілдеуін тудыруы мүмкін, - дейді Ядикар Тохтамов.
Қазір жасөспірімдер мен жастар арасында энергетикалық сусынды шамадан көп мөлшерде пайдалану қаупі орын алады.
Энергетикалық сусындардың қолжетімділігі оларды жиі және шамадан тыс пайдалануға әкеледі. Ал бұл өз кезегінде денсаулыққа зиян келтіреді.
Дәрігер мұндай сусындарды тұтынуды шектеуге және оларды абайлап, мөлшермен ішуге кеңес береді.