Астанада шеруге шыққан мопедшілерге айыппұл салынды

yandex.kz
yandex.kz
Соңғы бір апта аталған платформа курьерлерге беретін ақшаны азайтыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жеткізумен айналысатын компанияның 100-ге жуық қызметкері шеру жасап, айыппұл арқалады. Мопедшілер бас қаланың көшелерінде жол қозғалысына кедергі келтірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбаны түнде қала тұрғындары түсіріп алған. Көліктің ішінен, пәтердің терезесінен жазылған бейнекадрлардан қаптаған мопедшілерді көруге болады. Кейін олардың танымал платформада жеткізу қызметінде жұмыс істейтіндері белгілі болды. Олар компания басшылығына бейнеүндеу жасау үшін жиналыпты. Бүгін сол шеруге қатысқан азаматпен тілдестік. Атын атамауды өтінген жігіт мән-жайды өзі түсіндіріп берді.

– Біз ЭКСПО жаққа жиналып, видеоға түсіріп, үндеу жолдадық. Астана саябағына қарай жүргіміз келді. Полиция қысып-қысып тоқтатты. Жігіттерді машинаға салды, – деді жеткізуші.

Курьердің сөзінше, 70-ке тарта мопедші 7 мың теңгеден айыппұл арқалаған. Бүгін полицейлер де болған оқиғаны растап, қос дөңгелекті көлік тізгіншілері жол жүрісіне кедергі келтірді деп ақталды.

– Жол қозғалысына кедергі келтірген акцияға қатысушыларын полиция қызметкерлері тоқтатып, оларды Астана қаласы полиция департаментінің Есіл ауданы полиция басқармасына жеткізді. Аталған акцияға қатысушылар жол жүру қағидасын орындамауына байланысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді полиция департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.

Наразылық акциясына қатысқан жеткізушінің сөзінше, соңғы бір апта аталған платформа курьерлерге беретін ақшаны азайтыпты. Бұрынғыдай қосымша төлемдері жоқ. Тапсырыс тым арзан. Компанияның Қазақстандағы өкілдері мұндай мәселенің барлығы техникалық ақаудан болған деп отыр. Жазбаша жауапта солай делінген.  

КОМПАНИЯНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

"Бізде серіктестер мен курьерлерге арналған мотивациялық бағдарлама бар. Өткен аптада бағдарламалардың бірінің шарттында техникалық жаңарту өтті. Бонустар алдағы бірнеше күнде қосымша есептеледі, сома курьерлер қосымшасында көрсетіледі. Сұрақтар туындаған жағдайда дереу қолдау қызметіне хабарласуды сұраймыз".

Астанада 1000-ға жуықа курьер бар екен. Кеше шеруге шыққандары соның тек 80-і ғана. Енді жеткізу қызметінде еңбек ететіндерге техникалық олқылықтың орны толғанша арзан тапсырыс ала тұруына тура келеді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ер адам құстарды атамын деп жасөспірімді мерт қылды

Новости партнеров