Атырауда ашылғанына 5 жыл болмаған скейт алаң жөндеуді қажет етеді. 2019 жылы қала күніне тарту етілген орын қазір мүшкіл күйде. Экстремалды спорт түрімен айналысатын жастардың дені сынған алаңның кесірінен тіпті жарақат алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жайық өзені жағалауында орналасқан скейт алаңның ашылғанына небәрі 5 жыл болған. Жастардың сүйікті орнына айналып үлгерген орын қазір жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар «тақтайлары бүлініп, мұнда сырғанаудың өзі қауіпті» дейді. Келушілерде ойда жоқта оқыс оқиға болып қала ма деген қорқыныш бар.
Ал жауаптылар мұнда жөндеу жұмыстарының басталғанын айтты. Олқылықтар осы айдың соңына дейін реттіліп, жөнделетінін айтып, сендірді. Бұл шаруаға 1 млн 750 мың теңге қаржы бөлініпті.
– Халыққа пайдалану үшін берілді. Реконструкция жұмыстары жасалып жатыр. Мердігер мекеме қазір тендерді ұтып, жөндеуді жүргізіп жатыр. Әлі бір ай уақыт бар, қазір жұмыстың 90 пайызы аяқталып қалды, – деді Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы директорының орынбасары Жеңіс Шалағұлов.
Ал жастар уақытын тиімді өткізетін демалыс орнының тездетіп қолданысқа берілуін күтіп жүр.
Сая Меңдеке, Нұрбек Шәден, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындау үшін қанша ақша керек