Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваны қолдау шаралары автошеруге ұласты. Шара еліміздің үш бірдей ірі қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидаттың сайлауалды штабтары үгіт-насихаттың аяқталуына аз уақыт қалса да, жұмыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Елордада автошеру «Ақ жол» партиясының орталық кеңсесі орналасқан Мәңгілік ел көшесінен бастап, қаланың тағы бірқатар көшелерімен жүріп өтті.
«Автошеруге ақ түсті көліктерді таңдағанымыз жайдан-жай емес. Біріншіден, партиямыздың аты «Ақ жол», сондықтан жолымыз да ақ болсын, сайлау сәтті өтсін деп ырымдадық. Сайлаушыларды үміткерлерлер арасындағы жалғыз әйел – Дәния Еспаеваға дауыс беруге шақырамыз», – дейді «Ақ жол» партиясының мүшесі Әзиз ҚОЖАБЕКОВ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, адал бәсекелестік пен пен жаппай кәсіпкерлікті қолдау – тәуелсіздігіміздің негізгі құндылықтары. Дәния Еспаеваның бағдарламасы осындай негізгі бағыттардан тұрады. Үгіт-насихат кезінде ол халыққа кеңінен түсіндірілді. «Ақ жол» партиясының жастар қанаты да сайлауалды шараларда белсенділік танытып келеді. Елордада, Алматыда және Шымкентте өткен автошерудің әрқайсысында 30-ға жуық темір тұлпар болды. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы халықты сайлауда белсенді болуға үндеді.