Алматыда Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күрежолы қиылысындағы жолайрықтың екінші бөлігі шілде айында іске қосылады. Осы арқылы учаскенің жүргізушілерді өткізу қабілеті орташа есеппен 15 пайызға артпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мерзімінен бұрын пайдалануға берілген жолайрықтың Алматы үшін маңызы ерекше. Өйткені ол орталықты халықаралық әуежаймен және қалаға жақын орналасқан елді мекендермен байланыстырады. Сондықтан да көлік торабында қозғалыс әрдайым тығыз. Әзірге Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолы қиылысындағы жаңа екі деңгейлі жолайрығы қазір қаланың батыс бағытына қарай ашылды. Енді осы маңдағы «Қайрат» және «Атырау» шағынауданы мен облыс тұрғындарының қалаға қатынауына оңайлайды. Жүргізушілер бұрынғыдай кептелісте тұрмай, діттеген жеріне жылдам жетеді.
«Ашылғалы бері тығын азайды. Көліктер еркін жүре бастады. Жолайрық көшемен тік өтіп кеткенге де, Әл-Фарабиға шыққанға да жақсы», тұрғындардың бірі осылай десе, екінші бірі осыған дейін кептеліске бола жолға ертерек қамданса, қазір барлығы өз уақытымен жүріп жатқанын айтып қуануда.
«Әуежайдың жолайрығында бұрын кәдімгідей кептеліс болатын. Ал қазір еш кедергісіз өтіп кетеміз. Ыңғайлы өте», – дейді көлік жүргізушісі.
Құлжа тасжолы арқылы бір тәулікте қалаға 40 мыңнан астам көлік кіреді екен. Сондықтан жүргізушілер тарапынан кептеліске қатысты шағым да көп түскен көрінеді. Енді «эстакада толық қолданысқа берілгенде, жүргізушілер уақыттарын екі есе үнемдейді» дейді мамандар.
«Баяғыда бұл жерде бағдаршам болатын, қазір ешқандай кедергісіз эстакада арқылы өтетін болады. Сондықтан біз Құлжа күре жолының көлік қозғалысының өтуін 10 пайызға, ал Рысқұлов даңғылы бойынша 15 пайызға дейін арттырамыз деп отырмыз», – дейді Алматы қаласы мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Көлік торабының екінші бөлігінде жұмыс қызу. Ол жерге қазір асфальт төселіп жатыр. Төрт қабаттан тұратын қара жолдың қалыңдығы 33 сантиметрді құрайды.
«Әр қабатты төсейтін арнайы құрылғысы мен өзінің белгілі уақыты бар. Асфальттің температурасына қараймыз. Әр қабаттың өз салмағы бар – 9 сантиметр болады. Ал соңғы қабатқа қиыршықтасты-мастикалық асфальт төселеді», – дейді мердігер компанияның жұмысшысы Жарқынбек МҰСТАФАЕВ.
Шығыс бағытқа қарай қозғалыс шілде айында іске қосылмақ. Оның құрылысына қазір 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Ал жалпы жолайрықты салу үшін 400 жұмыс орны ашылған. Осының нәтижесінде бюджетке салық түрінде 4 миллиард теңгеден аса қаржы қайтарылды.
«Қала маңынан осы бағытта қатынайтын тұрғындар көп. Жолайрық әсіресе, Түрксіб, Жетісу және Медеу аудандары тұрғындарының біршама уақытын үнемдеуіне сеп болатын болды. Ал, бұл орта есеппен 250 мың азаматты құрайды. Бұл жолайрықтың экологияны жақсартуға да оң әсері бар. Яғни, көліктер бұрынғыдай кептелісте тұрмайды. Жолда жүру уақыты қысқарады», – дейді Алматы қаласы мобилділік басқармасының бөлім басшысы Асан БОСТАНОВ.
Жолайрық маңайын көгалдандыруға да баса мән берілген. Оның жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді құрайды. Жол жиегіне 700-ден астам ағаш, 600-ден астам бұта отырғызылады.
Айта кету керек, бұл құрылыс 2017 жылы басталған болатын. Оны тұрғызу үшін 90 пайыз отандық құрылыс материалдары, атап айтқанда, алматылық өндірушілер шығарған 100 мың текше метрден астам бетон мен металл құрылымы қолданылған. Жол тұтас монолитті жабынмен жасалған.
«Эстакаданың құрылысы өте сапалы және ең бастысы қауіпсіз. 9 баллдық сілкініске дейін төтеп береді. Жалпы 10 бағана қойылып, 40-тан астам тіреуіш орнатылған. Орташа есеппен тереңдігі 25 метр. Эстакада құрылысына ұзындығы 30 шақырым тіреуіш жүктелген. Егер жер сілкінсе немесе ауыр салмақтан жолда жарық пайда болса, тіреуіш бағандары көпірді бұрынғы қалпына келтіреді. Бұл – жаңа технология», – дейді құрылыс нысанының басқарушы директоры Фариз ТУТАДЗЕ.
Жарықтандыру жүйесін қамтамасыз ету үшін 150 диодты шам орнатылған. Осы арқылы түнде де жол күндізгідей жап-жарық болады. Жүргіншілер қауіпсіздігі үшін жер үсті өткелдер салынып жатыр. Жолайрықтағы құрылыс жұмысы толығымен күзде аяқталады. Қазіргі таңда қалада Абай даңғылы мен Сайын көшесін ұңғылау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Құлжа күре жолы мен Бұқтырма көшесі бойындағы айналымда эстакада мен тоннелі бар тағы бір жолайрығының құрылысы басталады.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы