Президент еріктілікпен айналысатын студенттердің стипендиясын көтеруді ұсынды

Президент еріктілікпен айналысатын студенттердің стипендиясын көтеруді ұсынды
Былтыр айтылған Жастар жылының биыл Президент қатысуымен ресми түрде ашылу жиынын өзге өңірлер секілді, алматылық жастар да ерекше ықыласпен тыңдап, тәуелсіз Қазақстанның әл-ауқатын күшейтуге ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алып тарасты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр айтылған Жастар жылының биыл Президент қатысуымен ресми түрде ашылу жиынын өзге өңірлер секілді, алматылық жастар да ерекше ықыласпен тыңдап, тәуелсіз Қазақстанның әл-ауқатын күшейтуге ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алып тарасты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты алқалы жиында айтылған мәселелердің ішінде қала жастарының көңілінен ерекше шыққаны – қалаларда тек жыл сайын 1 мың пәтер салынсын деген тапсырманың айтылуы болды. Мәселен, Public Policy Research Center орталығының зерттеуінше, Алматыда 30 жасқа толмаған жастардың 40 пайыздан астамы пәтер жалдап жүрсе, 25 пайызы ата-анасымен немесе туысқандарымен бірге тұрады екен.

«Жастар біздің болашағымыз. Сондықтан біз жастарды дамытып, олардың жағдайын жасау процесіне белсенді араласуымыз керек. Баспанамен қамту, білімге мүмкіндік беру керек, әрі ол үшін істелетін жұмыстардың айтылуы бізді қуантады», – деді Алматы құрылыс және кәсіпшілік колледжінің директоры Камал ЖАМАНКӨЗОВ.

Алматы – 39 жоғарғы оқу орны шоғырланған, еліміздің әрбір үшінші студенті өмір сүретін қала. Былтыр 1200 орынға арналған үш жатақхана салынса, биыл 2860 студентке арналған 5 жатақхана салу жоспарланған. Оқу орындарындағы жастардың саны 200 мыңнан асатын Алматыда баспана мәселесін шешу өзекті мәселенің бірі. Жастар қаласы саналатын Алматы еріктілердің белсенділігімен де елге үлгі. Ел көлемінде 22 мыңнан астам ерікті болса, олардың жартысы осында шоғырланған. Көмекке мұқтаж, әлжуаз жандардан бөлек, түрлі ауқымды шараларға жан қалауымен жәрдем беретін еріктілердің тобы Алматыда он мыңнан асады екен. Ал осындай жастар оқитын оқу орындарындағы студенттердің стипендиясын 30% арттыру қажет деген Президенттің ұсынысы – жастардың күтпеген сыйы болды.

«Қуантып отырған жағдай – еріктіліктің жаңа бір деңгейге көтеріліп, еріктілікке осы кезге дейін айтылып келген статус, бренд беру мәселесі көтерілді. Бұл қолдау еріктілер қатарын ары қарай көбейтеді. Қазіргі таңда «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорында 10 мыңнан астам ерікті тіркелген. Ең бастысы, адамның патриоттық сезімін ояту. Еріктілік басқа елден келген дүние емес, өзіміздің Қазақстанда болған дүние», – дейді Алматы қаласы «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының негізін қалаушы Азиз ҚАЖДЕНБЕК.

Форумда жастар туризмін дамытуды жолға қою да айтылды. Тәуелсіздік ұрпақтарын қойып, ересектер де табиғаты таңданарлық, таңқаларлық жерлердің көп екенін біле бермейді, білсе де көрмеген адам көп деді Елбасы. Ішкі туризмнің тамыры тереңдесе экономикалық өсім, түсімге ғана емес, ішкі өңірлік байланыстар да нығаймақ. Президент жаңа технологияларды ойлап тауып, бәсекелестік пен бизнеске бейім, инновациялық ойлау жүйесі озық жастардың жұмысын көрді. Қаржылық қолдаудың көбейтетініне уәде берді.

«Үлкен тапсырмалар берді. Оның ішінде қоғамдағы белсенділік, жастар кәсіпкерлігі, үлкендерге құрмет, жастарға ізет Елбасының тікелей транслиациясында жақсы қамтылды», – деді жастар қоғамдық қорының мүшесі Ержан ӘБДЕШОВ.

«Тамаша әсер алдық. Енді біз өте бақытты адамбыз. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Мен Қазақстандағы ең жас ректорлардың бірімін. Осындай мүмкіндік берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен алғысымды білдіремін. Қазір жастарды қолдау саясаты өте үлкен күш алып жатыр. Мәдениетте де, өнерде де, өзім еңбек ететін Қазақ ұлттық консерваториясында да көптеген талантты жастарымыз бар», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман ЖҮДЕБАЕВ.

Қазақтың тарихы терең. Алтайдан бастау алған көне түркілердің, батыр бабалардың бүгінгі ұрпағымыз деген Елбасы «Ұлы даланың жеті қырын» жариялау себебін тағы да түсіндіре кетті. Жастар жер-жаһанда жасқанбай, керісінше, өз мәдениеті, білімі, байтақ елімен мақтану керектігін ескертті. Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағын жастарға сеніп тапсыратынын әрі Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығаратынына сенім білдірді.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров