«Астана» банкінің 1 мыңнан астам салымшысы депозиттерді кепілдендіру жүйесіне енбеді. Өйткені, олардың депозитте сақтап келген қаражаты кепіл сомасынан асып кеткен. Бұл туралы бүгін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Нұрлан Әбдірахманов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кепілді қаржыны ала алмайтын азаматтар енді ликвидациялық комиссияға жүгінуі тиіс. Салымшыларға өтем «Еуразиялық банк» арқылы беріледі. Себебі, банк-агент ретінде осы қаржы институты таңдалған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Ұлттық банктің арнайы шотына 40 миллиард теңге резервке қойған. Осы қаражат банк-агентке аударылады. Еуразиялық банк бұл қаражатпен 275 мың салымшының ақшасын өтейді.
«Астана банкі» акционерлік қоғамы салымшыларының өтініштерін қабылдау және өтемақы төлеу «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамының елдегі барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі алты ай аралығында жүргізілетін болады. «Астана банкі» акционерлік қоғамында ашылған 99,6% депозиттік шоттарына толық көлемде кепілдік беріледі. Ауқымы бойынша, банктің шамамен, 74%-ы Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау сияқты ірі қалаларда тұрады», – деді «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Нұрлан ӘБДІРАХМАНОВ.
«Кепілді өтемді алу үшін клиент өзімен бірге жеке куәлікті ала келу қажет. Егер бұл сенімді тұлға болатын болса, сенімді тұлғаның өзінің жеке басын куәландыратын куәлік, одан бөлек сенім хат ала келуі қажет. Егер де кепілді төлемді жалпы мұрагерлікпен алатын болса, мұрагердің жеке басын куәландыратын жеке куәлік және мұрагерлікті растайтын қажетті құжаттар ала келуі қажет», – деді «Еurasian bank» АҚ-ның smm-маманы Алтынай СҰРАНШИНА.
Салымшылардың банкте жиналған 10 миллион теңгесі және шетелдік валютада сақталған 5 миллионға жуық қаржысы қайтарылады. Ал қаражат 9 қаңтардағы валюта бағамымен есептеледі. Айта кетейік, «Астана» банкі лицензиясынан былтыр қыркүйекте айырылған-ды.