Қарғын су: Құлсары 62 отбасына баспана кілті табысталды

10.09.2024 23:15

Көктемгі тасқында Құлсарыда 2642 үйге залал келген

Almaty.tv

Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен 62 отбасы баспаналы болды. Жаңа үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталып, инженерлік желілер іске қосылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін – құлсарылықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Көктемде баспанасын су басқан тұрғындар ағайын-туманың үйін жағалап жүрген.

– «Автожолшылар» ықшамауданындағы үйім суға кетті. Үкіметтен көмек күттік. Көп кешіктірмей жаңа баспанаға қол жеткіздік. Үйдің іші кең, жарық, ас үй жиһазы да бар. Өте қуаныштымын, – деді Құлсары қаласының тұрғыны  Шолпан Назарова.

Жаңа үйде барлық жағдай қарастырылған. Су, жарық, инфрақұрылымдық желілер де тартылған. Әр бөлме кең, жайлы. Оның үстіне, ауданның да әлеуеті артып, жағдай жақсарып жатқан көрінеді. Келер жылы спорт кешені мен жайлы мектептің, балабақшаның құрылысы басталмақ. Жергілікті мердігер мекемелердің демеушілігімен ашық спорт алаңы да салынады.

Халық аман болсын! Әрқашан  жақсылықтың жаршысы болайық. Бірлік болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Әр үйден бақыт - береке кетпесін. Баспана құтты үй болсын! – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Жаңаықшамауданның 9 көшесіне асфальт салынып жатыр. Мұндағы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына, ал 20-сы  жергілікті бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 8 мердігер мекеме жұмылдырылды.

Еске салайық, көктемгі тасқында бір ғана Құлсарыда 2642 үйге залал келген. Кейіннен 1 455 үй бұзылып, 1 187 баспана күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде зардап шеккен азаматтар тиісті өтемақыны толығымен алған.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданындағы аула қолданысқа берілді