Азғыннан қорлық көрген қыз бұл туралы жақындарына тіс жармапты. Өйткені өміріне балта шапқан еркек оған болған жайтты жарияласаң, «анаңды өлтіремін» деп қорқытқан екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, қыздың анасы жантүршігерлік жайтты кейінірек естіген. Бірақ полицияға хабар берудің орнына, қылмысты жасырып қалған.
12 жастағы өрімдей қыз басынан өткен жантүршігерлік жайттан әбден қорқып қалған. Бөтен адамдардан бет-жүзін жасырып, қойылған сұрақтарға құлықсыз жауап береді. Сол күнгі сұмдық есіне түссе, жаны қиналып жанары жасқа толады.
Жаға ұстатар жағдай наурыз айының аяғында болған. Қаршадай қызды туған анасы өзінің 4 жылдан бері кездесіп жүрген 60-тағы азаматына ақшаға жұмсапты. Мұндай оңтайлы сәтті пайдаланған азғын өрімдей қызды әуелі көлік жуатын жерде күтіп алып, жақын маңдағы қонақүйге қорқытып апарып ойына келгенін істеген.
Мені қонақ үйге апарып, тиісті. Киімімді шешті, төсекке жатқызды. «Тыныш жат, үндеме. Егер айтсаң, анаң мен апаңды өлтіріп кетемін, менен басқа ешкім жоқ» деді ол маған», – қыз болған жайтты осылай баяндап берді.
Жақындарының өмірі үшін қорыққан қыз, қорлық көргені туралы ешкімге тіс жармайды. Тек екі күннен соң анасына болған жайтты баяндаған. Келіншек өзіне қамқор болып, ара-тұра ақша беріп жүрген азаматынан мұндай опасыздықты күтпейді. Сондықтан қызының сөзіне күмәнданып, жігітінен жауап алуға талпыныпты. Ал педофил өзіне шаң жуытпай, «сүттен ақ, судан тазамын» деп ақталған. Ғашығының айтқанына иланып, ел-жұрттың сөзінен сескенген әйел бұл қылмысты полицияға дер кезінде хабарламапты.
«Туған туысқаннан ұялдым. Солайша ұялғаннан қызымды гинекологқа да апармадым. Енді міне арада 5 ай өткен соң ғана туыстарыма айттым», – деді анасы Маржан.
Бес айдан бері ешкімге жақ ашпаған келіншек, ары тапталған қызына араша сұрап адвокатқа жүгініпті. Бұл сұмдықты естіген қорғаушының да төбе шашы тік тұрып, тегін көмек көрсетуге келіскен. Олар күні кеше полицияға арыз жазып, қызды сараптамалық тексерістен өткізіпті.
«Алдын-ала сарапшының қорытындысы бойынша, қыз шындықты айтқан. «Мені зорланды» деген сөзі шын мәнінде рас болып шықты», – дейді қорғаушысы КӘМШАТ ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.
Бұл деректі қалалық Полиция департаменті де растап отыр. Жәбір көрген жасөспірім болған жайтты бүге-шігесіне дейін жеткізгесін, тәртіп сақшылары дереу оқиға орнына барып сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кеткен.
«Тергеушілер бірыңғай реестрде бұл деректі тіркеп, арыздарын қабылдап қылмыстық істі қозғады. Дәл сол күні сот-медициналық сараптама тағайындалып, басқа да сараптамалық зерттеулер жүргізілді. Сұрақ-жауап алу процедурасы және басқа тергеу әрекеттері жүргізілген болатын. Барлық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін бұл іс бойынша процессуалдық шешім қабылданантын болады», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Күдікті әзірге бостандықта жүр. Ал қаршадай қыздың өзі өміріне балта шапқан азғын жазадан сытылып кетпей, заң алдында жауап берсе деп тілейді.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы