Ұлытауда жыл басынан бері қанша шақырым жол жөндеуден өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытауда жыл басынан бері 175 шақырым жол жөндеуден өтті. Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұрынғы Жезқазған облысының орнына жаңа облыс құруға пәрмен берген Президент тарихи өңірде туризмді дамытып, өндірістік қуатын пайдалану керек екенін айтқан еді. Сондай-ақ логистикалық мүмкіндікті арттыруды тапсырды. Соның аясында өңірдегі жол мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді. Қолданыстағы жолдар да жаңарып жатыр. Оны жүзеге асыру үшін 11 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Ұлытау облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2700 шақырымнан асады. Алайда сапасы сын көтермейді. Шұрқ-тесік жолдардан автомобиль жүргізушілері де әбден қажыған. Ал облыстың бұған жауапты басқармасы «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында шалғайдағы ауылдарға асфальт төселіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қолданыстағы жолдардың жөндеуден өтіп жатқанын алға тартты.

«Ұлытау облысы құрылғалы оң өзгерістер болып жатыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы облысымызда 175 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ол үшін бюджеттен 11 млрд теңге қаражат бөлінді. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдар жөнделді. 2025 жылға дейін бізге лимит бекітілген», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев.

Мәселенің түйінін тарқату мақсатында келер жылдан бастап бірнеше жаңа жоба іске қосылмақ. Оның аясында Жезқазған-Қарағанды және Арқалыққа апаратын жолдар жаңғыртылады. Сондай-ақ орталықты Батыспен жалғайтын жаңа жол қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ Ұлытау облысының көлік инфрақұрылымын және туризмді дамыту бойынша облыстық маңызы бар «Сәтбаев – Малшыбай – Жошы хан – Домбаул кесенесі» автомобиль жолының құрылысы қолға алынған. Жалпы ұзындығы 19 жарым шақырым болатын жобаның құны – 6,1 млрд теңге.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров