Ауданның жақында ашылған қолөнерлік шеберханасы - «Іскер ана» орталығында өткен кездесуде халық қалаулысы аналарға атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа тәртібі мен міндетті медициналық сақтандыру ережелерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Сондай-ақ, іскер аналардың бизнес жоспарларымен және орталықтағы атқарылған шаруалармен танысты.
«Біз мәжіліс депутаттарына осындай орталықтарды көптеп ашу қажеттігін түсіндірдік. Еліміздің барлық қалаларында көбейтіп, оның аналарға берер пайдасы мол екенін көрсету керек. «Бақытты отбасы» орталығына келген әрбір көмекке мұқтаж ана оқып, 505 мың теңге грант алуға мүмкіндіктері бар. Бұл - нәзік жандыларға өз істерін бастап, өмірдегі қиын кезеңнен шығуға бастар жол болып отыр»,- деді Медеу ауданы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.
Аталмыш орталықта қазіргі уақытта 25 көпбалалы іскер ана жұмыс істейді. Жалпы, Медеу ауданында «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 1000-нан астам ана оқуды тәмамдапты. Олардың 700-ден астамы 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болып, өз жобаларын бастаған. Солардың бірі - көпбалалы Бибінұр Шаралиева авторлық «Шоколад ішіндегі джем» кондитерлік цехын ашуды қолға алған.
«Біз болашақта «Шоколад ішіндегі джем» жасап шығаратын кондитерлік цех ашсақ деп отырмыз. Мұнда жұмыс істейді деген 20 көпбалалы ананы жинадық. Сапалы жұмыс үшін барлық мамандар мен техникалар сертификатталған болуы керек. Келесі аптада аналарды оқытуды бастамақпыз. Бизнесімізді жасайтын орын да тауып қойдық. Өнімімізге қажетті заттарды Қытай мен Ресейден тапсырыс бердік, себебі олар елімізде жоқ. Тіпті, бізді Стамбулдағы көрмеге де шақырды», - деді Іскер ана, Бибінұр ШАРАЛИЕВА.