|
10.01.2020 | 20:24
5295

Елорда тұрғындары көпқабатты үйлерінің маңында ақылы автотұрақ белгілерін орнатуға наразы

Олар жерасты тұрақтарында орын тапшы, енді көліктерімізді қайда қоямыз деп әлеуметтік желілерде дабыл қағуда

Елорда тұрғындары көпқабатты үйлерінің маңында ақылы автотұрақ белгілерін орнатуға наразы


Ал, егер аула маңындағы тұрақтар ақылы болса, қалталары қағылатынын айтып шағымданып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Міне дәл осындай белгілер көптеген тұрғын үйлердің маңына қойылып жатыр. Мәселен, «Сарайшық» көшесіндегі 7-үйдің тұрағын алайық. Мұнда көлікті қаңтару үшін сағат сайын 100 теңгеден төлеу керектігі тайға таңба басылғандай жазылған.

Таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін күніне 1200, ал айына 36000 теңге. Дәл осы тұрақ жайлы нұр-сұлтандықтар әлеуметтік желіде шағым қалдырған болатын. Бағасы удай екенін айтып, наразылық білдірген. Үйдің астындағы паркингте орын жоқтығын алға тартып, енді көліктерін қайда қоятынын білмей дал.

«Әсіресе қазіргі уақытта, яғни қыс мезгілінде паркингте орын жоқ. Егерде тұрақтар ақылы болса, көлігімді қайда қоям, білмеймін. Естуімше, 10-15 минутқа қойсам да 100 теңге төлеуім қажет. Бұл өте қымбат», - деді Данияр ОМАР.

Елордада 2017 жылдың маусым айынан ақылы автотұрақтар жүйесі енгізіле бастады. Мәселен, қазір «Нұрлы Жол» саяжолына өз көліктерін қойғандар тұрақ үшін ақы төлеуге міндетті. Елорда әкімдігінің ақпараты бойынша, алдағы уақытта Есіл және Сарыарқа аудандарында 4 мыңнан астам орынды ақылы ету жоспарланған. Алайда, қашаннан бастап пайда болатынын әкімдіктегілер нақты айтпады.

«Егер үйлердің маңында орналасқан тұрақтар ПИК-тің кондоминимумінде болса, онда ол тұрақтарды біз ақылы ете алмаймыз. Өйткені тек қалалық әкімдікке тиесілі жерге ғана орнатамыз. Көптеген тұрғындар, олардың аумақтарына көлік тұрақтары кіретінін айтады, шын мәнінде бұл көлік тұрақтары кондоминиумдарда рәсімделмеген, яғни олар бүгінгі күні мемлекеттік жер саналады» ,- деді Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан ӘБДУӘЛИЕВ.

Бұл ретте ақылы автотұрақтардың бағасын Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты бекіткен. Ол туралы жергілікті әкімдік хабарлады. Бірақ ақылы тұрақтарды тұрақты пайдаланушылар үшін бір айға абонементтер ұсынылатын болады. Олардың бағасы 9 мың теңгеден 15 000 теңгеге дейін қойылмақ. Көлігіңізді тұраққа қою үшін смс арқылы, терминалдар немесе паркоматтар көмегімен, сондай-ақ онлайн, төлем жүйелері арқылы төлеуге болады дейді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир