Кәсіподақтар федерациясы атынан ел Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды үгіт-насихат жұмысы жоғары деңгейде өтуде. Үміткердің өзі және сенімді өкілдері еліміздің барлық өңіріндегі түрлі ұжымдарда кездесулер өткізсе, еріктілер мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырды. Олар сайлаушылармен кездесуде еңбек қауіпсіздігі және ұжымдық шарт жасаудың мән-маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде еліміз бойынша жұмыс берушілердің жұмысшылар алдында 2 миллиард теңгеге жуық қарызы бар. Бұл қарыздың басым бөлігі іргелі кәсіпорандарға тиесілі. Ал соңғы 5-10 жылда жұмысшылар арасында жалақыға қатысты 60-тан астам наразылық орын алған.
«Негізі мұндайға жол берілмеуі керек. Тиісті мамандар қадағаламай, қайда қарап отыр? Шетелдік мамандарды елге кіргізбеу керек. Өзіміздің мамандар жеткілікті. Бірақ соған қарамастан, басқа жақтан маман әкеліп жатар. Бұл – тіпті ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе», – деді Президенттікке үміткер Аманкелді ТАСПИХОВ.
Білімді ұрпақ – ұлт болашағы. Семей өңірінде бүгінде тек білім саласы бойынша кәсіподақтың 400-ден астам салалық ұйымы жұмыс істейді. Оған 25 мыңға жуық маман мүше. Сондықтан ұстаздарға еңбегіне сай, лайықты жалақы төлейтін уақыт жетті деді білім саласы мамандарымен кездесуде салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері. Ал ұстаздар қауымы жаңадан қабылданатын мұғалімдер мәртебесі туралы заңнан үлкен үміт күтіп отырғандарын жасырмады.