Шамалған стансасындағы айналма жол қолданысқа берілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандардың айтуынша, көпірден бір күнде шамамен 17 мың көлік өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген атышулы Шамалған стансасындағы апаттан соң араға 5 жыл салып, көпшілік көптен күткен айналма жол қолданысқа берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бес жыл бұрын жұртшылықты дүр сілкіндірген жантүршігерлік апат әлі же ел есінде. Сол күні жолаушылар автобусы теміржол үстінде тоқтап қалып, пойызбен соқтығысқан. Бір адамның өмірі қиылды. Қайғылы жайттан кейін маңайда жаңа жолайрық пен көпір салу жұмысы басталды. Бірақ жұртшылық әлі де сағаттап кептелісте тұрып, шойын жолды кесіп өтіп жүр.

Жаға ұстатарлық жайт жергілікті жол инфрақұрлымының жағдайын ашып көрсетіп, билік өкілдерін жаңа жолайрық пен көпір салуға итермелеген. Оның өзінде құрылысы жоспардан ауытқып, сағызша созылды. Ал жаяу жүргіншілер көпірімен жүру тұрғындарға қолайсыздық тудырған көрінеді.

– Екі сағат кептелісте тұрамыз. Жұмыстан кешігеміз, балалар оқудан қалады.  Кептеліте көлік басқарған жас балалар бір-бірін сыйламайды, тыңдамайды, жол бермейді. Көпір ашылды, мәселе шешілді, – деді Қошмамбет ауылының тұрғыны Жұмабай Абылаев.

Республикалық маңызы бар Алматы-Астана тас жолының дәлізі болған 6 шақырымдық айналма жол бүгін ресми ашылды. Жоба аясында теміржол эстакадасы, екі көпір, қосымша құрылыс, жарықтандыру және су өткізгіш жүйелері жасалды. Шамалғандағы жолайрық тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды объектіге айналып отыр. Жауапты мамандардың айтуынша, өңірде транзиттік әлеует едәуір жақсарып, кептеліс азаяды.

– Кептелістің негізгі себебі бар.  Біріншіден, «ҚазАвтоЖолдың» есебі бойынша жолдағы көлік қарқындылығы 20 пайызға көбейді. Екіншіден, ол жолдың геометрлік параметріне байланысты, – деді  «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

– Жол айрығы қауіпсіздікке әсер ететіні белгілі. Нормаға сәйкес, темір жол мен автомобиль жолы бір деңгейде қиылысуына болмайды. Демек жолда кептеліс болмайды және де жол-көлік оқиғаларының, оның ішінде автомобиль бен темір жолдағы түрлі апаттың 100 пайыз алдын алады, – деді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Жаңартылған айналма жол – заманауи талаптарға толықтай сай ірі инфрақұрылым. Мамандардың айтуынша, көпірден бір күнде шамамен 17 мың көлік өтіп, өңірдегі қозғалысты жеңілдетеді.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда тағы бір көлік жуу орны бұзылды

Новости партнеров