«Кальмар ойыны» телехикаясын кәмелетке толмағандардың көрмегені абзал. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова көптеген ата-ананы алаңдатқан оңтүстіккореялық өнім туралы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, Netflix платформасында кеңінен тараған «Игра в кальмары» – оңтүстіккореялық сериал. Сценарий бойынша 456 қатысушы ойында жеңілмеу мақсатын көздейді. Жеңілген адамның алар жазасы – өлім.
Естеріңізге сала кетейік, аталған сериалдың балаларға қаншалықты зиян екені біздің жаңалықтарымызда көтерілген болатын. Ата-аналар мен психологтар кинотуындыдағы қатыгез көрініс бала болашағына әсер ететінін айтқан еді.
«Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан ең алдымен ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн. Әрине, балалар психикасы енді-енді қалыптасу кезеңінде. Сондықтан кез келген ақпаратты үйде ата-аналар, мектепте педагогтар бақылауы керек», – деді ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Сонымен қатар, вице-министр Қазақстанда қазір оқушылардың 86% қалыпты режимде білім алып жатқанын айтты.
«Бүгінгі күні қалыпты режимде 86,4%, аралас форматта 11,6% және ата-аналардың өтінішімен 0,6 % бала қашықтан білім алып жатыр. Мектептерді ауысым бойынша жеңілдету үшін әр мектепке жеке пәндерді немесе жеке сағаттарды қашықтан оқыту арқылы аралас оқытуды ұйымдастыру құқығы беріледі. Бұл мүмкіндікті негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Алматы және Түркістан облыстарының мектептері пайдаланады», – деді Шолпан Каринова.