Төле би көшесіндегі қазу жұмыстарының аяқталатын күні алыс па? Қараңғы көшелерге жарық қашан орнатылмақ? Көптен бері жауыр болған мәселелер бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде тағы да талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр мемлекеттік бюджет кірісі аудан бойынша 107,5 млрд теңгені құрапты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 50 жаңа жұмыс орны құрылып, 2 млрд. теңгеден астам қаражатқа 35 жоба жүзеге асырылған. Негізгі капитал инвестициясы 66 млрд.теңгеден асқан. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіш. Ал 2020 жылға жоспарланған жұмыстар келесідей. «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 5 жоба іске асырылмақ. 27,4 шақырым көшеге және 109 үй ауласына жөндеу жүргізіліп, Абай даңғылын ұзарту жоспарланып отыр. Бүгінде ауданда өткір тұрған мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешу бойынша биылғы жылғы тиісті жұмыстар атқарылмақ.
«Өткен жылы қала әкімінің қатысуымен біздің ауданда 2 кездесу өткен болатын. 285 сұрақ көтерілген болса, соның 76-сы өз шешімін тапты. 136 сауал бойынша түсіндірме жүргізілді, 73 сұрақ шешіліп жатыр. Аудандағы көкейтесті мәселелердің бірі – мектеп тапшылығы. Бүгінде 6500 орын жетіспеушілігі байқалады. Бұл ретте №153 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Мамыр» ықшамауданында 1200 оқушыға шақталған жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр», - деді Әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Аудан әкімінің есептік кездесуіне қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты. Тұрғындардың басым бөлігін үнемі қазылып, ойқы-шұйқысы шығып жататын Төле би көшесінің жайы мазалайды. Көлік жүрісі баяулап, жұмысқа уақытылы жетуге кедіргі келтіреді дейді.
«Жөндеу жүргізілгеннен кейін, оны сапалы үстін жабу, асфальттау сұрағы, айтып отырғаныңыз дұрыс. Олар опырылып кетеді. Жаңбыр жауғаннан кейін тағы басылып кетеді. Сондықтан Энергетика басқармасы сол жұмысты жүргізетін болады. Сіз айтып отырған Төле би мәселесі бойынша толықтай зерттеп-зерделеп, басқарма мамандарымен мердігерлерге ескерту жасаймыз, күн жылынғаннан кейін дұрыстап жасасын деп», - деді Әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Жиында балаларын мектепке орналастыра алмай жүрмін деп келген көпбалалы аналар да болды. Олардың мәселесі сол жерде шешілді.
«№133 мектепке ауыстырайын десем, Саин №42 мектепке қарайды дейді. Ал оған бару үшін бала жолдан өтеді. Сол уайым болды», - деді бір ата-ана.
«Тапсырма берілді. Директорды сағат 2-ге шақырдық. Гүлнар Рахымқызы бүкіл документтерімен осы кісіні қабылдайды», - деді әкім.
Әуезов ауданының әкімі өз баяндамасынан кейін бірден халықтың сұрағына жауап беруге кірісті. Жылда айтылып, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бойынша әкім тұрғындарды осылай жеке жеке қабылдады.
Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.