Елімізде бұдан былай қызметіне сай келмейтін тәртіп сақшылары жұмыстан шығарылады. Міндетіне салғырт қарап, заңды белден басатын полицейлер үшін басшыларынан тікелей жауап алынады. Қатаң тәртіптің болатынын ІІМ орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жеке құраммен жұмыс істеуге бірінші кезекте жауапты орта буын басшылары тексеріліп, арнайы емтиханнан өтеді. Амал Талдықорғандағы полиция басқармасы басшысының қыз зорлау оқиғасынан кейін қолға алынған.
– Қылмыстық іс қай сатыда екенін айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр. Іс материалы сотқа жолданған кезде білетін боласыздар. Осы оқиғадан соң министрліктің коллегиясында талқылау өтті. Оның ішінде полиция департаментімен және жеке құраммен жиналыс ұйымдастырылды. Жеке құрам ішінде жұмысты ретке келтіру және тәртіпті қатаңдату бойынша іс-шаралар әрдайым қабылданады, – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха.
Оқи отырыңыз: Күрелмеген күре жол: Қарағандыда жауаптыларға айыппұл салынды