|
16.08.2024 | 18:34
627

АЭС: жария талқылау ашық микрофон форматында өтті

Сарапшылардың айтуынша, атом электр стансасын салу елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді

АЭС: жария талқылау ашық микрофон форматында өтті Almaty.tv

Бұл атом электр стансасын салу перспективасын талқылайтын он тоғызыншы тыңдау. Республиканың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған басқосуға сала мамандары, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда өткен жиында сарапшылар АЭС салудың экологиялық артықшылықтары мен кемшіліктерін тілге тиек етіп, пікір алмасты.

– Қазақстанның ғалымдары соңғы 10 жылда орташа жылдық температураның шамамен 7 пайызға артқанын айтып жатыр. Бұл климаттың тым қысқа мерзімде өзгеретінін білдіреді. Біз қазірдің өзінде белгіленген нормалардан асып отырмыз. Сондықтан атом электр стансасын салу тиімді болып тұр, – деді Энергетика және жасыл технологиялар институтының директоры Айнұр Бегімбетова.

АЭС салу перспективаларын жария талқылау ашық микрофон форматында өтті. Пікірі екіге бөлінген жұрт сарапшыларға тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

– Әлем бойынша мұндай стансаларда апаттардың болғаны жасырын емес. Бірақ ғалымдар мен зерттеушілер мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралды, – деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков.  

– Атом электр стансасы салынады деп жатырмыз. Сол да мына Астанадағы ЛРТ сияқты түсініксіз жағдайда тоқтап қалмай ма екен? – деді қала тұрғыны.

– Негізінде қауіпсіздігі жоғары жобалар тек қана Қазақстан емес, олар халықаралық ұйымдармен тексеріледі, – деді ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.

Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, атом электр стансасын салу елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етеді деген мамандар ел экономикасына да оң әсері барын айтады. Ал табиғи ресурстарды тиімді пайдалану басты артықшылық деп отыр.

– Жобамен АЭС-ті 2035 жылы әр блок 1200 немесе 1400 мегаватт электр энергиясын беріп отыруы керек. Егер референдумда халық дауыс берсе, жұмыс басталады. АЭС қандай энергия көзі болмасын, сәйкесінше халықаралық талаптар орындалуы тиіс, – деді Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев.

Айта кетейік, БАӘ мен Түркия аумағында алғашқы атом электр стансаларын салып жатыр. Көрші елдерден Өзбекстан да ел экономикасын қолдау үшін атом энергиясын пайдалануды жоспарлап, талқылау жүргізуде. Ал аумағында 56 атом электр стансасы бар Қытай тағы 25 стансаның құрылысын бастады.

Еске салсақ, маусымның соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша жалпыхалықтық референдумның биыл күзде өтетінін мәлімдеген. Нақты күнді Қазақстан Үкіметі айқындайды.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: АЭС көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтады - сарапшы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир