Африкалық азамат Қазақстанда баламасы жоқ ерекше көкөніс өсіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тиедиугу Кулибали – Мали елінің азаматы. 1987 жылы білім іздеп Орта Азияға келген ол содан бері Қазақстанда еңбек етеді. Оның айтуынша, Африкада наннан кейінгі тағам саналатын батат біздегі картопқа ұқсайды. Пісірілу тәсіліне байланысты дәмі де өзгеріп отыратын көкөністен сорпа, ботқа мен суфле жасауға болады.
– Неге осы істі жолға қойып, бизнес көзіне айналдырмасқа деп ойладым. Өйткені, қазақстандықтар бататты Қытай мен Үндістаннан қымбат бағаға сатып алады екен. Ал оның пайдасы көп. Тропиктік өсімдік болғанымен, жақсы жағдай жасалса климаты қоңыржай аймақта да өсіруге болады, – деді шаруа Тиедиугу Кулибали.
Өнім бітік шығуы үшін бұл көкөніске құнарлы топырақ пен су болса жеткілікті. Бататтың өзі химиялық қоспаға төзімсіз келеді, ол – экологиялық таза өнім. Жеңіл тілмен айтсақ, батат – картоптың баламасы. Дегенмен, картопқа қарағанда денсаулыққа тигізер оң әсері көп.
– Батат – салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін таптырмас өнім. Оның салмақты бір қалыпта ұстап тұруға көмектесетінін бәрі біледі. Ал одан бөлек, қант диабеті асқынған адамдар мен инсулин көп бөлінетін ағза үшін бұл көкөніс аса пайдалы. Батат семіздікке де жақсы көмектеседі. Оны кәдімгі картоптың орнына қорықпай-ақ пайдалана беруге болады. Әрі, көкөністің құрамында әдеттегі картоп түйнектерімен салыстырғанда көмірсулар, темір және калий көп, – деді диетолог, терапевт Алмагүл Ержекенова.
Тиедиугу Кулибалидың есімім қиын болғандықтан, жергілікті жұрт мені Джон деп атап кеткен. Ол өз елінде пайдалы саналатын өсімдіктің көп екенін айтып отыр. Бірақ олардың басым бөлігі 8 ай жаз болатын аумақта өседі. Соған қарамастан, Кулибали тағы бір дақылдың ерекше сұрпын елге әкеліпті.
Мұндағы тағы бір өнім – Қазақстанда баламасы жоқ үрмебұршақ түрі. Оның ерекшелігін гүлінің түсінен-ақ байқауға болады. «Ұрығы 3 сантимерге дейін баратын көкөніс сорпаға ерекше дәм береді» дейді Джон мырза.
Батат қыркүйек айында өнім береді. Биыл шамамен жарты тонна көкөніс алуды жоспарлап отырған шаруа егін бітік шықса, нарықтағы бағадан төмен сауда ұсынбақ. Мүмкіндік болса, тұрақты клиент тауып, кәсібін дамытпақ.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телернасы