«Алматы» телеарнасының ұжымы қаладағы қазыналы қарттарды құрметке бөледі. Төл мереке қарсаңында қариялардың үйлеріне арнайы барып, азын-аулақ сый көрсетті. Қайырымдылық шара «Жылулық сыйла» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Ирина Дробышева – сексеннің сеңгіріне шыққан бақытты әжей. Немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр. "Қазақтелеком" байланыс орталығында 50 жыл табан ауыстырмай қызмет еткен.
«Аудандық ардагерлер кеңесінің қызметкерлері, басқа да түрлі қоғамдық қорлар келіп тұрады. Рақмет айтамын. Біз секілді қарт кісілерге келіп, құрмет көрсетіліп жатса, әрине, қуанамыз. Мереке құтты болсын!», – деді зейнеткер Ирина Дробышева.
Ал Райгүл Байжанова – Бостандық ауданының тұрғыны. 70 жасқа таяған кейуана қазір аздап денсаулығы сыр бере бастағанын айтады. Бейнетінің зейнетін көретін шақта төсек тартып жатқанына көңілі қынжылады. Қарттар мерекесі қарсаңында телеарна ұжымының арнайы келіп, құттықтап кеткеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Инвалид екінші группамын. Зейнеткермін. Жатып қалғаныма 4 жыл болды. Тұра алмаймын. Сіздерге, рақмет. Мені еске алып, құттықтап келгендеріңізге», – деді зейнеткер Райгүл Байжанова.
Алматы телеарнасының қызметкерлері «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, қаладағы 20 қарияны арнайы барып құттықтады. Олардың арасында егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі қарттар бар. Қаладағы ең ірі сүт өнімдерін сататын "UNILACTIS DISTRIBUTION" компаниясының қолдауымен азық-түлік апарып, көңілін қуантты.
«Көп рақмет, «Алматы» телеарнасының тұрақты көрерменімін. Телехикая мен түрлі бағыттағы жобаларыңыз қатты ұнайды. Көрермендеріңіз көп болсын. Бізден кейінгі жас ұрпаққа тек жақсылық тілеймін», – деді зейнеткер Галина Нагаева.
Жалпы Алматыда 233 мыңнан астам зейнеткер тұрады екен. 66 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Қариялар үшін қалада 10 ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.
Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» теларнасы