Алматыда халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Президент алға қойған әлеуметтік мәселелерді сапалы орындау үшін Алматыда нақтылы шаралар жоспары, оның ішінде «Бақытты отбасы» қалалық әлеуметтік бағдарламасы жасалды. Бұл – жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студеттердің стипендиясы, әлеуметтік және бір реттік төлемдер, жұмыспен қамту және басқалары.
Алмалы ауданында «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы, әлеуметтік әл-ауқат бөлімі мамандары ауданның көпбалалы аналарымен кездесіп, Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары туралы жан-жақты түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алмалы ауданында 1500 көпбалалы отбасы тұрады. Олардың басты мәселесі – тұрғын үй. Басым бөлігі туған-туыстарында тіркелген. Қазір көпбалалы отбасыларға көп көмек көрсетіліп жатыр. Қолдау тапқан көпбалалы аналар келіп алғысын білдіріп жатыр», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы «Алтынай» көпбалалы отбасылар одағының төрайымы Сандуғаш РЫМҚҰЛОВА.
Атап өтерлігі, Алматыда 11 наурыздан бастап «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Арзан ипотекалық баспанамен қамту үшін өтініштер 15 наурызға дейін қабылданады.