Ардагерлер Ұлы Жеңіс күнін саяси ойын қылуға қарсылық білдірді

Ардагерлер Ұлы Жеңіс күнін саяси ойын қылуға қарсылық білдірді
Биыл елімізде алтыншы рет «Мәңгілік даңқ - Бессмертный полк» шеруі өткелі жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлері 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін саяси дақпыртқа айналдыруға қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жастар саяси ұран жазылған плакатты ұстағаннан гөрі, дәстүр бойынша Отан қорғау жолында қаза тапқан батырларды Мәңгілік даңқ шеруінде еске алған жөн дейді олар.

«Мен ондай азаматтарды қолдамаймын. Олар соғыстың ауыртпалығы мен қасіреті дегеннің не екенін сезінбейді. Әлемде әлі де соғыс жүріп жатыр. Ал бізде қазіргі бейбіт өмірді ата-бабаларымыз, әкелеріміз қан мен терін төгіп қорғады. Тіпті, мәңгілік батальон да қаза тапты. Қанша азамат қыршыннан қиылды. Ал, бұлар қазір сол қиын кезеңді қайтарғысы келе ме? Халықты тұтандыру оп-оңай», – дейді ардагерлердің бірі Әлия МУСЯКАЕВА.

Сондай-ақ, Илья КУДИН мен Софа Измайлова есімді соғыс ардагерлері де Жеңіс күнін саясиландыруға қарсы.

«Мен 92 жастамын және соғысты өз басымнан өткізген адаммын. Сондықтан да халықтың қақтығысқанын қаламаймын, жастардың өзара төбелесіп немесе ұрлық жасауына қарсымын», – дейді И.Кудин.

«9 мамыр – мен асыға күтетін ерекше мейрам. Жеңіс күнінде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Қан майданда көрген азапты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кітаптарда жазылып, киноларда көрсетіліп жүрген жайттар –  сұрапыл соғыстың бергі жағы ғана. Осындай нәубеттен аман қалған біздер, біздің ұрпақ бақытты», – дейді Софа ИЗМАЙЛОВА.

Айта кетейік, биыл елімізде алтыншы рет Жеңіс күні құрметіне арналған «Мәңгілік даңқ - Бессмертный полк» шеруі өткелі жатыр.

Новости партнеров