Алматыда жол жүру ережесін бұзатын жүргізушілер азаймай тұр. Биыл жыл басынан бері 1 жарым миллионнан астам заң бұзылған. Оның ішінде көлікті мас күйде басқарған 2 мыңға жуық адам бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов аудандық полиция қызметкерлері бүгін «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында кезекті рейд өткізді. Бұл шаруа қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, вандализм, мүліктің бүлінуі және ұсақ бұзақылық, сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласындағы заңбұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Тәртіп сақшылары жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Талдықорғаннан келіп едім, жарықты жағуды ұмытып кетіппін. Полиция қызметкерлері тоқтатып, ескертті, – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Оралтай Шаянбаев.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, әр аудан бойынша тәулігіне 70-ке жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталады. Олардың қатарында техникалық бақылаудан өтпеген, ақауы бар темір тұлпарлар да бар.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын техникалық байқаудан өтуі тиіс 3 млн машина бар.
– Рейд кезінде Өзбекстан азаматының көлігін тотқтаттық. Жол ережесінің 590-бабы 5-бөлімі бойынша заңбұзушылық анықталып отыр. Алдыңғы терезесі шағылған. Қазір көлік құралын арнайы тұраққа жеткіземіз. Ал жүргізуші мен жолаушыны аудандық полиция бөліміне жеткіземіз, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының аға лейтенанты Сырым Ерғазинов.
Сондай-ақ алматылық тәртіп сақшылары қаладағы жол жағдайын тұрақтандырып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған рейдті Жетісу ауданында жалғастырды. Полиция қызметкерлері көліктерді тұраққа қою ережесін бұзу деректерін және жабайы сауда жасайтын орындарды анықтады. Иесіз тұрған темір тұлпарларды бірден айып тұрағына жөнелтті. Одан бөлек, аялдамаға дұрыс тоқтамаған бірнеше автобусқа ескерту жасап, хаттама толтырды.
Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Заңды иесі кім: ХҚКО-да рәсімделген көліктің қос қожайыны анықталды