|
24.08.2023 | 18:46
3992

Астаналықтар тұрғын үй құрылысына наразы

Жергілікті билік жер телімінің иесімен де, тұрғындармен де бірнеше кездесу өткізеді

Астаналықтар тұрғын үй құрылысына наразы Almaty.tv

Астана билігі жер таппағандай жүздеген ағашты кесіп, саябақтың шетіне тұрғын үй салмақшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындар «бұл – тұрғын үй кешенінің маңайы Астанадағы ең көрікті жерлердің бірі» дейді. Мұнда қоршаған ортаның сұлулығына тамсану үшін адам көп келеді.  Жиналғандар «биік, көпқабатты тұрғын үй кешені салынса, сұлулықты құртады» деп шағымданды.

– Біз құрылысқа қарсымыз. Мұнда көліктің жүруіне жағдай жасалмаған. Өрт сөндіру, жедел жәрдем сияқты көмек көрсететін техникалар үйдің арасынан қысылып, әрең өтеді. Сондықтан биік кешен тұрғызу қисынға келмейді, – деді қала тұрғыны Ольга Шиполина.

Тұрғындардың айтуынша, құрылыс басталса маңайдағы ағаштардың барлығы кесіледі. Екі жыл бұрын үй сатып аларда құрылыс компаниясы «саябақтан басқа ешнәрсе болмайды» деп уәде берген. Енді бас жоспар бойынша үй тұрғызылады екен.

– Президенттің Жолдауы бойынша нақтыланған, құрылыс жұмысына қарсымыз. Ол жерге саябақ, мектеп, балабақша салуға неге болмайды? Неге тек тұрғын үй салу керек? Тұрғын үй 2 қабатты  болса көнуге болады, бірақ 16-20 қабатты баспана салынғалы жатыр. Балабақша, емхана, мектеп салынса, қарсы емеспіз, – деді қала тұрғыны Нариман Айжарық.

Дәл осындай талаппен тұрғындар бүгін Нұра ауданының әкімдігіне келді. Қоғамдық тыңдау болды. Жергілікті билік жиналғандардың мәселесін май шаммен қарауға уәде берді. Себебі көпшілік айтып тұрған жер жекеменшік тұлғаға тиесілі екен.  

– Біз жақында ғана ол жерде болдық. Жер телімі жекеменшікке тиесілі. Оны әкімдік балансына алу жоспарда бар. Автотұрақ салуды жоспарлап отырмыз. Қазір асығыстық шешім қабылдауға болмайды. Бұл мәселеге біржақты қарамаған дұрыс. Барлық тараптың құқығы тең, – деді Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов.

Жергілікті билік жер телімінің иесімен де, тұрғындармен де бірнеше кездесу өткізеді. 

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қала әкімінің Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселе талқыланды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир