|
14.10.2021 | 19:39
5004

Тұрғындарға ескертілді: Жамбыл облысындағы жарылыстар бір айға созылады

Аудан билігі Қайнар ауылы тұрғындарының ешқайда қоныс аудармайтынын мәлімдеді

Тұрғындарға ескертілді: Жамбыл облысындағы жарылыстар бір айға созылады

Жамбыл облысында әлі де жарылыс жаңғырығы естілуде. Бірақ бәрі ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатыр. Осылайша әскерилер қару жарақ қалдықтарынан құтылуда. Бұл жұмыстар бүгін басталған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Байзақтағы 28/349 әскери бөлімінің аумағы, яғни жарылыс болған аймақ – Қайнар ауылынан 10-12 шақырым қашықтықта орналасқан. Дәл осы жерден тілшілерді әскери полиция бөгеп тұр. Себебі ары қарай 3 шақырым жердегі тау бөктерінде жарылыстан қалған қару-жарақ қалдықтарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Түске дейін 2 рет дүмпу болған.  Түстен кейін 4 жарылыс жасалады.  

«13 қарашаға дейін жалғасады. Арнайы техникамен апарып жатырмыз», – деді 28/349 әскери бөлімінің командирі Еркін Абсадықов.

Әскерилер жару жұмыстарын бүгіннен бастаған. Яғни 500 келіге жуық жарамсыз қару-жарақтың көзін жойған. Қауіпті аймақта қазір 20 қызметкер жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, алғашқы жарылыс таңертеңгі сағат 9.30-да, содан соң 11.30-да болған. Бұл жұмыстар жайында тұрғындарға ескерткенімен, мазасы қашқан ауылдықтар жарылыссыз атар күнді аңсап отыр.

Қайнарлық қараша қанша қорықса да, алдағы бір айы жарылыспен өтпек. Себебі әскерилер күн сайын 5-6 рет 400 келіден аса қауіпті заттарды құртып отырады. Әскерилер бұл әрекеттер тек жұмыс күндері жүзеге асатынын айтады. Содан кейін ғана тыныштықты уәде етіп отырғандай.

Оқи отырыңыз: Жамбылдағы жарылыстар: әбден шошынған ауыл тұрғындары көшіруді сұрап отыр

Еске салсақ, бұдан бұрын етектегі ауыл тұрғындары биліктен көшіруді талап еткен болатын. Бірақ аудан билігі халықтың қоныс аудармайтынын мәлімдеді.

Мерей Бает, «Алматы арнасы», Жамбыл облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир