|
03.04.2019 | 18:54
3301

«Трансұлттық қылмыстық топ құрған»: Алматыда ұсталған қырғыз экс-депутаты 13 жылға сотталуы мүмкін

Прокурор оның сыбайластарына 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

«Трансұлттық қылмыстық топ құрған»: Алматыда ұсталған қырғыз экс-депутаты 13 жылға сотталуы мүмкін

Алматыда сотталып жатқан атышулы қырғыз депутаты 13 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бүгін прокурорлар Дамирбек Асылбекуулына осындай жаза кесуді сұрады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, айыптаушы тарап оның қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін түгел тәркілеуді ұсынды.

Қырғыз Жогорку кенешінің экс-депутаты Дамирбек Асылбекуулы бірнеше бап бойынша айыпты деп танылған. Прокурорлар оның «Трансұлттық қылмыстық топ құрып, сол ұйымға басшылық еткені» және «экономикалық контрабандамен айналысқаны» толық дәлелденді дейді.

Тергеу материалдары бойынша, Асылбекуулы қылмыстық топты Қырғыз шекарасынан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар тасымалдау үшін құрған. Ал, онымен бірге бұл ұйымға жетекшілік еткен қордайлық кәсіпкер Есбол Джапбасов 15 жыл жаза арқалауы мүмкін. Мемлекеттік айыптаушылар «заңсыз қару тасымалдады» деп күдікке ілінген кәсіпкерді де барынша қатаң жазалауды ұсынды.

«Дамирбек Асылбекуулын кінәлі деп тауып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын өтеуге қауіпсіздігі жоғары мекемеге жіберуді сұраймын. Оның қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекетке келген шығын өндірілсін. Сотталушыны Қазақстаннан жазасын өтегеннен кейін ғана шығару керек», - деді Мемлекеттік айыптушы Дастан МЫРЗАҒАЛИ.

Ал, Дамирбек Асылбекуулы өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамай отыр. Онымен бірге тағы 11 адам сотталуда. Барлығы қырғыз депутаты мен қордайлық кәсіпкер құрған «қылмыстық топтың құрамында болды» деп айыпталған.

Прокурорлардың дерегінше, сотталушылар құны 407 млн теңгені құрайтын тауарды шекарадан заңсыз өткізген. Соның кесірінен Экономикалық Одаққа мүше елдердің бюджетіне 100 млн теңгеге жуық салық түспей қалған. Қылмыстық топты басқарғандарға барынша қатаң жаза сұраған қос прокурор, қалғандарына 7-ден 12 жыл аралығында түрме жазасын тағайындауды ұсынды.

Естеріңізге сала кетсек, 37 жастағы қырғыз депутаты сыбайластырымен бірге 2017 жылдың ақпанында елімізде жүргізілген арнайы операция кезінде қолға түкен. Арнайы шарада контрабандамен айналысқан 8 қылмыстық топ анықталып, 35 күдікті ұсталған еді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

суд
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир