Павлодарда шыбын-шіркейлерді улау жұмысы басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Аймақта сәуірде 130 литр арнайы биопрепарат әзірленген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күн жылынып, жаз жақындаған сайын жұртқа сары маса, шыбын-шіркей жаудай тиеді. Әсіресе Павлодарда құжынаған жәндіктің жаппай ұрықтану қаупі артуда. Қазір өңірде шіркейлерді дернәсілдерімен бірге улау шаралары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аймақта сәуірде 130 литр арнайы биопрепарат әзірленген. Мамандар зиянкестерді әуеден де, жерден де жойып жатыр. Биыл Павлодар мен іргесіндегі Ақсу қаласындағы 77 мың гектарға дезинсекция жасалады. Қазір Ертіс өзенінде шыбын-шіркей дернәсілдерінің пайда болуын зерттейтін ғылыми мониторингтік топ жұмыс жүргізіп жатыр.

Шыбын-шіркей, жәндіктердің таралуын мұқият бақылап отырмыз.16 сәуірде судың температурасы 10-12 градусты көрсетіп, 20-21 сәуірде 22 градусқа жетті. Бұны да ескерген жөн. Мониторинг жұмысы кезінде Заря ауылында алғашқы дернәсілдердің бары анықталды. Ал Май, Павлодар аудандарында және Ақсу, Ақтоғай, Тереңкөлде зиянкестер дернәсілдерінің саны көп, – деді Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары  басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Мамандардың болжамы бойынша, биыл жайылымның 70 пайызын су басуы мүмкін. Шүлбі қоймасының деңгейі төмендегенімен, облыстағы тау бөктерінде қалың қар әлі бар. Бұл шіркейдің жаппай ұрықтану қаупін арттырады.

Оқи отырыңыз: Үйін су шайып кеткен тұрғындардың баспана мәселесі қалай шешіледі

Новости партнеров