Атыраулықтардың су басқан баспанасы құлай бастады

 Almaty.tv
Almaty.tv
Шенеуніктер арнайы жоба жасап жатқанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қар қалың түсетін солтүстік өңір ғана емес, ақ ұлпа атыраулықтардың да көңілін күпті қылып отыр. Береке ықшамауданында күн жылынса, қар мен жауын суы үйлерді басып қалады. Жыл сайын қайталанатын жағдайдан жалыққан бұқара әкімдіктің мәселеге мән бермейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ала таңмен жиналып шу шығарған берекеліктерден әбден маза қашқан. Олар «еріген қар суы мен жауған жаңбыр топанға суға ұласып, үйіміз көлге айналды» деп зар илейді. Баспана іші көк басқан соң, ауруға айналған азаматтар жергілікті билік мәселені шұғыл түрде шешіп берсін деп талап қойды.

– Су толып тұрады. Септикті күніне үш рет тазартса да, су бетіне қайтып шығады. Шарбақтың ішін, үйдің іші су басып, құлап жатыр, – деді қала тұрғыны Бауыржан Сисенов.

Зейнеткер Нұрсұлу Насырова «үйімнің ауласы көлге айналды» деп мұңын шақты. Ол жылдағы қайталанатын жағдайдан әкімдік сабақ алмайды деп ашулы. Жергілікті билік жай-жапсарды қалыпқа келтірмеген соң, жағдайды өздері реттемек болған азаматтар ай сайын коммуналдық қызметкерлерді шақырса да, кәріз суы тез толып кететін көрінеді.

– Үйдің еденін 3-4 жыл бұрын ауыстырдым. Кешегі жауған жауыннан кейін, еденнің асты суға толды. Сасық иіс үйге кіріп жатыр, – деді қала тұрғыны Нұрсұлу Насырова.

Берекеліктердің базынасын тыңдауға жергілікті билік өкілдері келді. Жұртты сабырға шақырып әлек болған шенеуніктер арнайы жоба жасап жатқанын айтты. Жобаға қанша қаржы бөленетінін білмейді.

– Наурызда маслихаттың отырысында ақша сұраймыз. Жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан оң қортындысын алғаннан соң, жұмыс жүргізіледі. Нақты қанша кететінін айта алмаймыз, – деді құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық сектор бойынша меңгерушісі Абылай Омаров.

Берекеліктердің мәселесі бүгін, тіпті, биыл шешілмейтін сыңайлы. Сондықтан Атырауды су алып жатса да, амалы таусылған жұрт күте тұруға мәжбүр.

Оқи отырыңыз: СҚО-да елдімекендерді су басып қалуы мүмкін

Новости партнеров