Атырау облысында мүгедектігі бар азамат пәтерін жекешелендіре алмай әлек

 Almaty.tv
Almaty.tv
Ол баспананы 14 жыл бұрын алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Өз үйімді өз атыма аударыңыздар». Атырау облысының тұрғыны осындай шағыммен талай табалдырықты тоздырып келеді. Мүгедектігі бар азамат осыдан 14 жыл бұрын алған пәтерін жекешелендіре алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үшінші топ мүгедегі Серік Дәулетбаев 2010 жылы баспаналы болған. Бірақ арада талай жыл өтсе де әлі күнге дейін арызын ақжағалыларға орындата алмай келеді. Әкімдік үй берерде «5 жыл ішінде тұрғын-жайыңызды жекешелендіріп аласыз» дегенімен, әзірге уәде орындалмады. «Заңға өзгеріс енген соң, құжатты тегін жасай алмаймыз» деп бас ала қашқан билік өкілдері азаматтың әлеуметтік осал топта екенін де ескермеген көрінеді.

– Мініп-түсуім қиын болып отыр. Бір жағынан 25 қаңтарда 2 рет жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға түстім. Олар қабылдамады. Порталмен бару керек екен. Үйден укол салдырып, ақыры ота жасады. Үйге шығарған соң вирус түседі деп поликлиникаға тігіс жібін алдыруға бардым. Бесінші қабаттан түсуім 30 минут уақыт алды, кері шығу тағы мұң, – деді қала тұрғыны Серік Дәулетбаев.

Денсаулығы дес бермей, жағдайы күн санап қиындаған азамат үшін баспана жайы да бас ауыртар мәселеге айналған. Тауы шағылған азаматқа жауаптылар тұрғын үй қатынастар заңына сәйкес, құжаттарды ақылы негізде жүзеге асырылатынын айтқан.

– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, тегін жекешелендіруге құқылы мемлекеттік жекешелендіру тәртібі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673-қаулысымен бекітілген қағижаттар негізінде жүргізіледі. Тұрғын үй қатынастар заңына сәйкес, азаматымыз қалдық құнымен жекешелендіре алады. Айта кетсек, заңға сәйкес жеңілдіктер бар. Бөліп төлеуге, бастапқы жарнасы 30 пайызын төлеп, ары қарай он жылға дейін бөліп төлеу қарастырылған, – деді қалалық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Саясат.

Айналып келгенде, ақысыз мәселе шешілмейтін сыңайлы. Ал үйдің құжаттарын өз атына толық аударуды арман еткен азамат «бұл сөзді он төрт жыл бойы естіп келемін» дейді. Ол тым болмағанда әлеуметтік осал топқа жататынын ескеруді сұрайды.

Оқи отырыңыз: Колледжде ерекше балаларға мерзімі өткен азық-түлік берген

Новости партнеров