Құжатты жоғары палата құптаса, күшіне енеді
Қазақстанда вейп сатуға толық тыйым салынды. Бүгінге дейін сан мәрте талқыға түскен заң Мәжіліс қабырғасында қабылданды. Енді электронды темекіні емін-еркін сатып, саудасын қыздырғандар арнайы заңмен жазаланады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Вейп түтініне тәуелді жастар қатары күн санап артып барады. Буын будақтатып қойып, еш қысылмастан қолданып жүргендер көп. Енді мұндай еркіндікке жол берілмейді. Электронды темекіні сатқан адам 50 тәулікке қамалады. Шекара асырып әкеліп, таратқандар 2 жылға сотталады. Қылмыстық әрекет бірнеше рет қайталанса 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген.
– Қоғамдық ұйымның зерттеуі бойынша алматылық және астаналық балалар арасында вейп шегетіндер бар көрінеді. Бұл – өте қорқынышты және сұмдық көрсеткіш. Оны сатуға, елге кіргізуге, таратуға тыйым салынады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Депутат дерегіне сүйенсек, бүгінде вейптердің таралуы 200 есеге өскен. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл – бейресми статистика. Алматылық жастардың 80 пайызы, астаналық жас буынның 83 пайызы зиянды өнімге әуес көрінеді. Әлем нарығында бұл темекінің 16 мың түрі бар десек, 30-дан астам ел оны саудалауды заңмен шектеген. Ал елде алып-сату ашық жүріп келді. Соңғы 3 жылда вейпке сұраныс 300 есе өскен.
– Шектеу қойған дұрыс. Оны үлкендер емес, жастар қолданады. Менің айналамда жас балалар вейп шегеді, – деді қала тұрғыны.
– Меніңше, вейпті 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым салу керек. Алкоголь өнімдері мен басқа да темекі түрлеріне осылай шектеу қойылған ғой. Вейпке қатысты да шектеу қою керек, – деді қала тұрғыны.
Түрлі-түсті қорабы, тәтті дәмі, хош иісі. Бұл зиянды өнім сонысымен жасөспірімдерді баурап тұр. Жастарды қызықтырғанымен, келетін кеселі көпті ойландыра бермейді. Елде жыл сайын 4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығатын көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, залалдың дені осы электронды шылымнан келеді. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша вейптерді 21 жастан бастап алуға болады. Заң бұза қалған жағдайда оларға айыппұл жазылған. Бұл шамамен 51 мың 570 теңге.
Вейптің буына балқып, уынан қалғып қалмас үшін Президент өткен жылы пәрмен берген еді. Ұлттық құрылтай жиынында зиянды өнім саудасына тоқтау салуды тапсырды. Арнайы заңды Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады. Сенат қарауына жіберілген құжатты енді жоғары палата құптаса, күшіне енеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Петропавлда 40-тан астам нысан жылусыз қалды