Жаңа заң таныстырылымынан соң елдегі қылмыстық атқару жүйесінің осалдығын мәжілісмен Ринат Зайытов сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мәселені айтар басқа мінбер жоқ» деп бастаған депутат құқық қорғау органдарының жұмысында тәртіптің жоқтығына ашынды. Бүгінгі күні көшеде алаңсыз жүрген адамды Ішкі істер министрлігі алып кетіп, оп-оңай қамай салады. Одан қалса, прокуратура жоқ жерден айып тағады. Халық қалаулысы «заңның үстемдігі мен әділдігін қашан көреміз» деді.
– Президенттің «Әділетті Қазақстан» деген халыққа үміт берген сөзі бар. Қазақстанда кез келген адамды көшеден алып кетіп, қамай алатын ІММ бар. Оған жоқ жерден айып тағатын прокуратура бар. Оған шешім шығара салатын сот бар. Осыған байланысты сұрақ қойсам, Әділетті Қазақстанды қашан орнатайын деп отырсыздар? – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.
Турасынан қойылған депутаттың бұл сауалына Әділет министрі нақты жауап таба алмай, тосылып қалды. Артынша Азамат Есқараев мәселені жұмыс тобы шеңберінде қарастыру керекпіз деп түсіндіріп бақты. Бір ғана министрлік емес, елдегі барлық мемлекеттік органдардың атсалысуы қажет екенін айтты. Аталған депутаттық сауалға құзырлы органдар бірлесіп жауап беретінін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Бишімбаев ақталуы мүмкін бе - мәжілісмен пікір білдірді