Қарақыстақтағы қылмыс. Баламды пышақтап өлтіргендер әлі жазаланбады деген кейуана марқұмның жылдық асы өтсе де кінәлілер сотталмағанын айтып, жылап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін кісі қолынан қаза тапты деген 40 жастағы тұрғынның жетім қалған бес баласы мен жесір қалған әйелі бейіт басына тағы келді. «Мал бағып жүріп табыт құшқан азаматты өлтіргендер әлі жазасын алмады» дейді жақындары. Олардың айтуынша, тергеу әділ жүріп жатқан жоқ. Ал марқұмның биыл жылдық асы өтіп, құлыптасы да қойылса да, іс әлі сотқа жетпеген.
Бір үйдің асыраушысы ажал құшқалы жылға жуықтаса да, оны өлтіруі мүмкін деген күдіктілердің жазасы жақындар емес. Сиырқұймышақтанған іс сотқа жетпей жатып мың құбылды деген марқұмның ағасы қылмысқа барғандар жауаптан сытылып кете ме деп қорқады. Себебі тергеу барысында жаңа деректер пайда болып, қазір уақытша қамауда отырған күдікті кінәсін мойындамаған.
– Өзінің малына елдің малын қосып бағып жүрген адамды қорлап, өлтіріп кетті. Ол екінші топтағы мүгедек еді. Бес баласын асырап жүрген Алланың момыны еді. Ешкімнің итін өлтіріп, шыбынын мыжып кетпеп еді. Заң болса, 9 айдан бері мемлекеттегі құзырлы органдағылар бір қимылдауы керек еді, – деді марқұмның ағасы Бекмұрат Нүсіпханов.
"Інім кісі қолынан өлді" деген ағасы күйіктен құса болғанын айтып, сол кеште мәйітті тауып алған жерді көрсетті. Қарасақ, қыстақтан қашық емес, жолдың бойындағы жазыққа тастап кеткен. Бұл қорқынышты кадрларды да сол кезде туыстары түсіріп алған. Тергеуге көмегі болар деп жария етуімізді өтінді. Ал марқұмның жары бәленің бәрі күйеуінің шотындағы екі миллион ақша үшін деп топшылайды. Себебі сол күні қазір қамауда отырған жасөспірімнің жеке картасына 1 миллион 900 мың теңге ақша аударылған.
– Осы жерден тауып алдық, мына жерде қан болды. Тасты сол үшін үйіп қойдық. Бр аяқ, бір қолы кем болды. Бірақ күштеген кезде сіресіп қатып қалған, – деді марқұмның ағасы.
Қатыгез қылмысқа қатысы бар деп осы ауылдағы 19 жастағы күдікті тергеліп жатқан көрінеді. Ол қазір Талдықорғандағы уақытша тергеу изоляторында. Мән-жайды анықтамақ болып сезікті тұратын үйге де бас сұқтық. Күдіктінің ата-анасы бұл іске басқа да адамдардың қатысы барын айтты. Олар бостандықта, тау-тас аралап қашып жүргенін де баланың әкесі тілге тиек етті. Бірақ ұлының шотына марқұмның атынан ақша түскенін растайды, тек ол ақшаны балам қарызға сұраған деп сендірді.
– Мен Нұрсұлтан марқұмды өлтіргендер табылғанын қалаймын. Шындық ашылуы керек. Бірақ нақты күдіктілерді қамамай отыр, – деді күдіктінің ата-анасы Серікбай Өзбеков.
Ал Облыстық полиция департаменті аталған іске қатысты түпкілікті тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Баспасөз өкілінің айтуынша, іс департамент бастығы тікелей бақылап отыр.
– Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-ң кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 2004 жылы туған Қ есімді күдікті анықталып, қамаққа алынды. Қазіргі танда сот-медицина сараптамалардың нәтижелері бойынша іс материалдары сотқа жөнелтіліп, түпкілікті процессуалды шешім қабылданатын болады, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сәйділдин.
Айта кетейік, былтыр 13 маусымда Қарақыстақ ауылында мал бағып жүргенде 40 жастағы мүгедек малшыны «өлтіріп кетті» деп жақындары арнамызға сұхбат берген. Содан бері тергелген іс сотқа әлі жолданған жоқ.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Бишімбаев ақталуы мүмкін бе - мәжілісмен пікір білдірді