Жекеменшік балабақшалар лицензиялауға қарсы. Бұл үрдіс мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында сапаны арттырмайды, керісінше аяққа тұсау болады дейді. Осылай шағымданған бөбекжай ұйымдарының бір тобы бүгін елордада бас қосып, оқу-ағарту министрлігіне уәжін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бану Әлкенованың балабақшада қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан асты. Тәжірибесі мол маман саланың бар түйткілін 5 саусағындай біледі. Сондықтан лицензиялау жекеменшік бөбекжайларға тиімді нәтиже бермейді дейді. Тағы бір кемшіл тұсы – бұл үрдіс алдымен жемқорлық арқылы іске асады деп сеніммен айтып отыр.
«Лицензиядан өту үшін жекеменшік балабақшалар қыруар қаражат жұмсау керек болады. Бас тарту емес, ішіндегі талаптарын өзгертсе, бізге жеңіл болар еді. Менің ойымша бірде-бір балабақша ертең лицензия ала алмайды. Жекеменшік түгілі мемлекеттік балабақшаның өзі алу, алмауы екіталай», – деді балабақша меңгерушісі Бану Әлкенова.
Бұл пікірді Лейла Көленова да қос қолдап қолдайды. Қазіргі күні балабақшалардағы баланы соғу сынды келеңсіздіктер мемлекеттік я жекеменшік деп бөлінбейді дейді. Лицензиялаудың бұл олқылықтарды реттеп беретініне күмәнді.
«Қазір біздегі жеке балабақшада істейтін педагогтарда ешқандай әлеуметтік кепілдік жоқ. Мамандардың біліктілігін көтеру үшін тегін курстар ұйымдастырылмайды. Тәрбиешілерге денсаулығын жақсарту мақсатында демалыс орындарына жолдама берілмейді. Мемлекеттік балабақшада мұның бәрі қарастырылған. Министрлік осыны неге ойламайды?! Лицензиялаумен бір күнде бар мәселе шешіле қоймайды. Мұндай шешімдерді қабылдамас бұрын мектепке дейінгі білім беру сапасының неліктен нашарлағанын анықтау керек», – деді Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрағасы Лейла Көленова.
Лицензия берілетін талапқа келсек, әр балабақшада ең жоғарғы санаттағы педагогтар саны 25 пайызға тең болуы қажет. Шағын жиынтық топтарының есепке алынбауы, маман тапшылығы тағы бар. Жеке бөбекжай ұйымдары осы нәрсеге қарсы. Ал бұл үрдісті оқу-ағарту министрлігі басқаша түсіндірді. Айтуларынша, лицензиялау талаптары аз болады. Балабақша тарапынан оқытушылардың және оқу материалдарының жеткілікті болуы, орнатылған бейнекамералар, өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы сұралады деді.
«Әрбір балабақшаға аттестациядан өтуге екі мүмкіндік беріледі. Егер де айтылған кемшіліктерді жоймаған жағдайда осындай балабақшалар екінші кезеңде лицензияланады. Үшінші кезеңде тәуекелдерді ескере отыра қалған балабақшалар лицензияланады.Сарапшылармен келісемін, бұл жерде ең алдымен ата-аналардан сұрау керек. Қаншалықты ата-аналар осы мектепке дейінгі білім беру тәрбиесімен қанағаттанады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Министрлік лицензиялау шарасын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірінші кезекте жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдар лицензиялаудан өтеді. Яғни, жылына шамамен 200 жаңа балабақша. Жалпы қазір елде 11 000 балабақша жұмыс істеп тұр. Оның 5 000-ы жекеменшік.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы