9 маусымды санитарлық күн деп жариялауды Алматыдағы тағы бірнеше базар басшылары қолдады

9 маусымды санитарлық күн деп жариялауды Алматыдағы тағы бірнеше базар басшылары қолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сайлауға қатысып, болашақ ел Президентіне дауыс беру – азаматтық борышымыз. Осындай ұстанымдағы Алматы қаласының бірнеше базар басшылары 9 маусым – ҚР Президентін сайлау күнін санитарлық күн деп жариялауға шешім шығарды. Күні кеше «Ақ бұлақ», «Түрксіб», «Арлан» және «Керуен» сауда орталықтары көтерген бастаманы бүгін тағы бес базар қолдады. Олар: «Кенжехан», «Қазына», «Юпитер», «Сәлем» және «Рахат-2», деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауда нарығында жұмыс істеп келе жатқанына небәрі бес жыл ғана болса да, «Кенжехан» базары бүгінде 1300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс күндері онда шамамен 3-4 мың, ал демалыс күндері 5-6 мыңға дейін сатып алушы барады. Яғни, қаладағы ірі сауда орындарының бірі деуге болады.

«Біз 9 маусымды санитарлық күні деп жариялаған кәсіпкерлер бастамасын қолдаймыз. Біріншіден, сайлау – өте маңызды науқан. Біздің сатушыларымыз да, базарға келушілер де сайлауға қатысуы керек. Өзіміз де сол күні таңертең ерте тұрып, отбасымызбен барып, мерекелік көңіл-күймен өзіміз қалаған үміткерге дауыс бергелі жатырмыз. Кейін «өй, басқа елде анандай боп жатыр, бізде мынадай» деп көңіліміз толмай отырмас үшін, әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бізге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы секілді, соның жасаған игі бастамасын әрі қарай жалғастыратын, елде тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтайтын адам қажет. Тәуелсіздік алғалы 30 жылда сара жол салынды ғой, біз енді сол жолда жүруді қалаймыз», – дейді «Кенжехан-2» базарының директоры Рахметжан Сейітов.

Рахметжан Сейітовті әріптесі – «Юпитер» базарының директоры Евгений Игумнов та қолдап отыр. Елімізде 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан базар иелігінде 100-ден аса кәсіпкер жұмыс істесе, күнделікті 500-ге жуық адам осында келіп сауда жасайды.

«Бұл сайлаудың жөні бөлек: жаңа Президент келіп, жаңа саясат жүргізіп, жаңа бағдарлама жасалмақ. Ал, оның қандай болатыны әр қайсымыздың таңдауымызға байланысты. Сондықтан біз оған атүсті қарамауымыз керек. Ал, біздің базардың жұмысы таңертең 10.00-де, кейде ертерек басталып, кешкі 19.00-20.00-ге дейін жалғасады. Сол себепті дауыс беру үшін таңертең ерте, не кешке ғана босай аламыз. Сондықтан осыны ескере келе, біз адамдар жұмысқа алаңдамай, қалаған кезінде дауыс беріп, отбасымен бірге демалсын деп, 9 маусымды санитарлық күні деп жариялауды жөн көрдік. Негізі, бізден гөрі сатушылардың өздері солай болғанын қалады: ол күнді мереке секілді отбасымызбен бірге өткізсек деген ұсыныс тастады», – дейді«Юпитер» сауда үйінің директоры Евгений Игумнов.

Ел көп баратын келесі бір сауда орталығы – «Қазына» базары. 2015 жылы құрылған бұл мекемеде кәсіпкерлерге арнап 936 орын салынған. Әзірге оның 30-40 пайыздайы ғана іске қосылған, яғни, соның өзінде 400-дей кәсіпкер күнделікті жұмыс істеп отыр.

«9 маусым – біз, яғни, барша Қазақстан халқы үшін ерекше күн. «Ақ бұлақ», «Кенжехан» базарлары бұл күнді тазалық күні деп жариялау бастамасын көтерген екен. Біз де өзіміздің кәсіпкерлерімізбен ақылдасып едік, олар қуана қабылдады. Себебі сайлау – бес жылда болатын оқиға. Яғни, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың ертеңі үшін біз бүгін қамданып, дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Себебі бізде бұдан басқа Отан жоқ. Ендеше, Отанымыз үшін, оның ертеңі үшін, өз болашағымыз үшін дауыс берейік. Сайлау күні өзі көп иігіліктер болғалы жатыр, қоғамдық көліктер тегін жүреді дейді. Яғни, осы тұста біздің де осы бір игілікке қосқан үлесіміз болсын деп, кәсіпкерлерімізге демалыс сыйладық», – дейді Алатау аудандық, «Қазына» базарының директоры Болат Қасымханұлы.

Ал, «Сәлем» базарының директоры Бақытжан Мәметұлы болса, ең бастысы елдегі қазіргі тұрақтылық пен бейбітшілік сақталуы керек деді. Алғаш тәуелсіздік алған 90-жылдардың қиындығын, сол тұста елді қиындықтан осы базарлардың алып шыққанын еске алған Бақытжан Мәметұлы бүгінгі жағдайға «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген баға берді.

«9 маусымда болатын сайлауға қатысыңыздар деп қарамағымыздағы барлық кәсіпкерлерге айтып жатырмыз. Сол үшін арнайы демалыс беріп, ол күнді санитарлық күн деп жарияладық. Себебі сайлау – ел өміріндегі шешуші сәт. Ал, біз жаңа Президенттен еліміздің осы қазіргі тыныштығы мен тұрақтылығын сақтағанын күтеміз. Сондай-ақ келесі Президент кәсіпкерлерге дәл қазіргідей қолдау көрсетіп, жеңілдіктер мен жағдай жасаса дейміз», – деді Бақытжан Мәметов.

Ресми түрде 2000 жылдары ашылып, 2014 жылы модернизацияланған «Сәлем» сауда орталығында қазір 380-дей сауда нүктесі бар көрінеді. Базар 2,5 гА аумақты алып жатыр. Базар басшысы мемлекеттік қолдауымен мұнда кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасалып, соңғы форматпен жұмыс істеп жатқандарын атап өтті.

9 маусымды санитарлық күні деп жариялап, ол күні базарлардың жұмысын тоқтату туралы бастаманы қолдаушылардың қатарында «Рахат-2» сауда орны да бар.  

«Өте орынды шешім деп ойлаймыз. Ол күні біз осында ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ал, одан бұрын ҚР Президентін сайлауға барамыз. Және өз кәсіпкерлерімізге сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға тілекстестік білдіреміз», – деді Сәдуақас Өмірзақов, «Рахат-2» базарының директоры.

Бүгінде бізде 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған базарға ат басын бұратындары саны да аз емес. Күніне кемі 500-600 адам келетін базарда негізінен электро құрал-жабдықтар, шаруашылық заттары сатылады.

«Мені өзім тұратын мемлекеттің болашағы қатты алаңдатады және оның дамуына немқұрайлы қарай алмаймын. Сондықтан, біз 2019 жылдың 9 маусымын тазалық күні деп жарияладық. Бұл күні саудагерлер, жұмысшылар базарға шықпай, сайлау учаскелеріне бара алады, қалаған кандидаттарына дауыс береді. Біз ол үшін барлық жағдайды жасап отырмыз», – деді кәсіпкер.

9 маусым күні «Ақ бұлақ», «Түрксіб» және «Арлан» базарларынан бөлек «Кеурен» базарларымен қатар, «Кенжехан», «Қазына», «Юпитер», «Сәлем» және «Rahat.kz» сауда орындары да жұмысын уақытша тоқтатпақ. Тазалық күнін ұтымды пайдаланып, базарларды реттеп, ұсақ-түйек ақауларын жөндейміз деген басшылар сонымен қатар ол күн үшін саудагерлердің салық төлемейтінін ерекше атап өтті.

Новости партнеров