Тәжік-ауған соғысының ардагерлер ақылы автокөлік тұрақтарын тегін пайдалануды сұрады

Тәжік-ауған соғысының ардагерлер ақылы автокөлік тұрақтарын тегін пайдалануды сұрады
Жалпы еліміз бойынша тәжік-ауған қақтығысына 9 мыңға жуық адам қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа қатысқан ардагерлер қаладағы ақылы A-parking автокөлік тұрақтарын тегін пайдалануды сұрайды. Қоғамдық іс-шараларға жиі араласатын олар көлігін бірнеше сағаттап тұраққа қойып кетуге тура келеді. Бұл кейде қалтаға ауыр тиеді дейді. Бұл сауалды олар жуырда өткен қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен есептік кездесуінде Уатсап нөмірге жолдаған болатын. Almaty.tv тілшілері тиісті мамандардан жауап алып көрді.

1992 жылы Тәжікстанда болған азаматтық соғысқа аттанған жауынгерлер арасында Ералы Қордабаев пен Арман Арынханов та бар еді. Олар 8 жылға созылған соғыста шекара бұзған қарулы топтарға қарсы операциялар жүргізіп, шекара күзеткен. Алайда бүгінде  қақтығысқа қатысушыларды өзге мәселе толғандырады.

«Барған жерлерінде тегін тұрақ орындары жоқ. Сол болмағаннан кейін орын іздеуге мәжбүр. Ол аз болса енді ұмытылып кетеді немесе басқа да жағдайлар болады. Бір 150 теңгені төлемегеннен кейін артынан айыппұл келеді. Сол айыппұл сосын қиындық тудырады», – деді Тәжік-ауған соғысы және басқа мемлекеттердің ұрыс аумағындағы соғыс ардагері,  «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының төрағасы Арман Арынханов.

Жалпы еліміз бойынша тәжік-ауған қақтығысына 9 мыңға жуық адам қатысқан. Алматы қаласында 400 адам тіркелген.

«Бізді әрдайым мектептерге, патриоттық іс-шараларға, тәрбие сағаттарына шақырып тұрады. Бір күнде 3-4 мектеп шақырады. Төлеуге қолайсыз, паркоматтарды таба алмай жүріп қаламыз, кейде уақытпен асықсақ, ұмытып кетіп төленбей қалатын кездер бар. Айыппұл келеді», – деді Тәжік-ауған соғысы және басқа мемлекеттердің ұрыс аумағындағы соғыс ардагері Ералы Қордабаев.

Сондай-ақ шаһардағы жол жиектерінде ақылы 6109 автотұрақ болса, 5500-ге жуық алаң типтес тұрақ бар.

«Басқарма бұл сұрақты қосымша қарастыруда. Бүгінде ол сұрақты адамдардың саны неше болатыны, жалпы қаладағы барлық автотұрақтар көлемінде қанша орын алатыны, яғни пайыздық үлесі барлығы есептеліп қарастырылды. Бұл сұрақтың жауабын, шешімін қосымша айтатын боламыз», – деді қалалық Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Абылайхан Омархан.

Айта кетсек, былтыр «Ардагерлер туралы» заңға басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері де енгізілген болатын. Яғни, тәжік-ауған қақтығысына қатысқан азаматтарды да қосып, оларға түрлі жеңілдіктер жасау қарастырылған. Оны жергілікті өкілді органдар мен құзыретті ұйымдардың басшылары белгілейді.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров