Көктем келісімен Қазақстанда баспана бағасы қымбаттай ма? Сарапшылардың айтуынша, қыстағы тоқыраудан соң пәтер салушылар мен екінші деңгейлі үйлерді сатушылар маусымдық құбылысты қалт жібермей, бағаны көтеруі ғажап емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғын үй сатып алуды жоспарлап жүрген жандарға айта кетерлігі, алаңдауға еш себеп жоқ, бұл көктемде бағалар қатты құбыла қоймайды. Алайда, нарықтағы белсенділік өте жоғары болады дейді сарапшылар. Әсіресе, бірінші деңгейлі үй нарығында жасалатын келісім саны көп болмақ. Мұндай белсенділікті эксперттер соңғы үш жыл бойы күткен екен. Дегенмен, бұл 2019 жылы байқалмақ. Оның себебін мамандар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларымен байланыстыруда. Сондықтан сарапшылар үй сатып алу үшін тиімді сәтті күтудің еш қажеттілігі жоқ дегенді айтады.
«Дәл қазір үй сатып алуға ең қолайлы кезең. Және мұндай жайлы уақыт жыл бойы жалғасады. Себебі, қазір жылжымайтын мүлік нарығының шарттары барлық тараптар үшін тиімді болып тұр. Яғни, сатушылар да, сатып алушылар да ұтылмайды», – деді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек МҮСІРЕПОВ.
Ипотекалық несиелеу әсіресе, осы көктемде қарқын алады. Бағалар біраз құбылса да сұранысқа еш әсер етпейді деп болжайды «Баспана» ұйымы. «7-20-25» бағдарламасына жүгінетін тұтынушылар легі де күрт артпақ. Ол бойынша бүгінде 66 млрд теңгені құрайтын 5644 өтінім мақұлданған. Айтпақшы, өткен жылы Қазақстанда ипотекаға 410 млрд теңге бөлініп, еліміз рекордтық көрсеткішке шықты.
«Тұрғын үй бағасында маусымдық өзгерістер болады. Өздеріңіз білетіндей, күз-көктемде әдеттегідей, үй алушылар саны артады. Сондықтан өсім болады деп күтеміз. Егер 2018 жылдың нәтижелеріне қарайтын болсақ, барлық берілген кредиттердің ішінде «7-20-25» бағдарламасының үлесі 12% құрады. Ал 2019 жылы бұл үлес шамамен, 18-19%-ға жетеді деп болжап отырмыз», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ сыртқы байланыс қызметі басшысының орынбасары Айбар ОЛЖАЕВ.
Енді тұрғын үй бағасына тоқталсақ. Жаңа салынған үйлердің бағасы төмендейді деп күтпей-ақ қоюға болады. Ал ескі тұрғын үйлер өткен жылы 15% арзандаған. Айтпақшы, 2019 жыл өте белсенді басталды десек болады. Бір айдың өзінде нарықта 20 мың адам келісім жасалыпты.
«2019 жылдың қаңтар айында жасалған келісімдер өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 21% артқан. Ал 2018 жылдың желтоқсан айындағы жағдайды дәл осылай салыстыратын болсақ, керісінше, арғы жылы 8,5 пайызға аз болған. Бұл мерекелерге байланысты орын алатын жыл сайынғы тенденция», – деді Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының вице-президенті Нина ЛУКЬЯНЕНКО.
Жылжымайтын мүлік федерациясының мәліметі бойынша, қазіргі таңда бірінші деңгейлі үй нарығындағы әр шаршы метрдің бағасы – 240 мың мен 610 мың теңгенің аралығында. Ал екінші деңгейлі нарықта баға 180 мың мен 580 мыңның арасында тұр.
Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы