Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік кеш өтті

1992 жылы 4 маусымда ҚР Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының нақты нұсқасы Алматы қаласында бекітілген болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін дербестігімізді әйгілейтін мемлекетіміздің басты нышаны – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Есте болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұранының нақты нұсқасын Алматы қаласында бекіткен болатын. Сондықтан ел үшін мәні-маңызы зор бұл мейрамды Алматы жұртшылығы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек айтар ойы мен толғар мазмұны терең мемлекеттік белгілерді құрметтеу Отанға, ел тарихы мен дәстүрге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі екенін атап өтті. Себебі қастерлі символдар баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздіктің айқын көрінісі деді ол.  

«Елбасы бір сөзінде «Біз тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын бойтұмардай қастер тұтуы керек. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген еді. Тұңғыш Президентіміздің осы сөзін еліміздің әрбір азаматы жүрек түкпірінде сақтап, әрдайым жадында ұстауы қажет», – деді қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Осы тұста сауалнамаға қатысқан қала тұрғындары рәміздер жайлы ойларын білдірді. Олардың бірі: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін біз үшін ең маңызды мейрам – осы ҚР Мемлекеттік рәміздер күні болуы керек», – десе, екіншісі «жастардың бойына патриоттық рухты сіңіріп, осындай мерекелерді ұмытпай, есте сақтап жүру керек» – деді.

Өз кезегінде, жастар осыдан 27 жыл бұрын Алматының нақ төрінде орын алған аса маңызды тарихи оқиғаны естен ешқашан шығармағандарын айтты.

Новости партнеров